«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер!»

«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер!»

      2022 жылдың тамыз айында Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде өз-өзіне қол салған сарбаздың қазасын естіген елде ес жоқ. Әскердегі әлімжеттік пен суицидтен әбден зәрезап болған жұрт «бүйткен әскери борышы құрысын» деп отыр. Мәпелеп өсіріп, баққан ұлын мезгілсіз ажалға кім қисын?

 

      Елімізде жыл сайын жиырмадан аса отбасы қара жамылып, қайғыдан қан жұтады. Отан алдындағы парызын өтеуге кеткен ұлдарын табытпен қарсы алып жатыр. «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» дейді  қазақ.  Елін қорғайды деп жүрген жауынгерлеріміздің күштілері – әлсізінің  моральдік тұрғыдан рухын сындырып, психологиялық қысым көрсетіп, ұрып-соғып, сексуальды сипаттағы зорлық жасаудан ары аса алмай жүр. Бұған кім кінәлі? Бейбіт күнде тепкі, теперіштен қыршыннан қиылып жатқан жас ғұмырдың обалы кімге? Бір тоқтам бола ма екен?

     Миллиардтаған қаржы бөлінсе де көсегесі көгермеген, басынан дауы арылмаған Қорғаныс министрлігінен не сұрайсың? Қарауындағы сарбаздардың қауіпсіздігіне кепіл бере алмайтын әскербасылардан не үміт, не қайыр? 

      Қазір қорғаныс саласы мамандары қорғансыз һәм қауқарсыз сияқты. Таңнан кешке дейін жаттығу жасап, бос уақытын танымдық, мәдени іс-шаралар арқылы тиімді өткізген сарбаздардың айуандықпен айналысуға уақыты да, шамасы да келмес еді-ау. Патриоттық тәрбие жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілсе, әскери жарғыда белгіленген тәртіп пен ереже сақталса, сарбаздар азғындықтың жетегінде кетпес еді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дейді Абай.  

      Агрессияға бейім, зұлымдық пен жауыздыққа барып жатқан өзіміздің ұлдарымыз ғой. Баланы мейірімді, парасатты, әдепті етіп өсіру – ата-ананың міндеті. Қазақ – сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық еді. Ұлттық  идеологиямыздың түпқазығын, ұранын, ұстанымын ұмыттық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп баланы жан-жақты тұлға ретінде дамытып, үлкен өмірге дайындауда «ертелі-кеш жұмыс» деп жүретін бізде де  жаңсақтық көп.

    Қысқасы, мобилизациядан қашып, шекара асқан ресейліктерге ұқсап, әскер жасына жеткен ұлдарымыз қазақ жерінен безіп кетпесе жарар еді. Украинаның жігіттері елі, жері үшін жан алып, жан берісіп жатқанда, біздікілер бір-біріне қорлық пен зорлық көрсетіп, бүкіл әлемге масқара болып жатыр. «Өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дейді» деген мақал осындайда айтылса керек.