Оралда жаңа ғимараттың қабырғасы қақырап жатыр

Оралда жаңа ғимараттың қабырғасы қақырап жатыр
фото: https://sputnik.kz

Оралда жаңа салынған көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары қақырап барады.

Тұрғындардың айтуынша, бұл тұрғын үйді 2015 жылы "Алтим" компаниясы салған. Динара Қайырғалиева қабырғадағы жарықшақ өткен жылдың көктемінде пайда болғанын айтады, биыл тіпті үлкейіп кеткен.

"Жазда Зачаганск әкімдігіне бардық, көмектесе алмайтындарын айтты. Олар үйдің жарықшақ пайда болған жағын ғана қоршады. Содан кейін әкімдік осы жазда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп уәде берді. Біз үйге 2016 жылы көшіп келдік", - дейді Динара Қайырғалиева.

Орал әкімдігі бұл тұрғын үй өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салымшылар үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" (қазіргі Otbasy Bank) салғанын айтты. Нысанның жалпы құны – 650,8 миллион теңге.

"Мердігер "СФ Алтим" ЖШС, авторлық қадағалау — "Гипрогаз" ЖШС, техникалық қадағалау — "КИУС" ЖШС болған. Мердігерлік ұйымның кепілдік міндеттемелері екі жыл. Бүгінде мердігер ұйым аумақты қоршап қойды. Ғимаратқа комиссиялық тексеру жүргізілді, ғимараттың қаптамасын бөлшектеу және монтаждау туралы шешім шығарылды", - деді қалалық әкімдік.

"СФ Алтим" ЖШС-нен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін және ауа райы қолайлы болған кезде ақауларды жою туралы кепілдік хат алынғаны хабарланды. Әкімдіктің айтуынша, тұрғын үйдің негізгі тірек конструкциялары бүлінбеген, тұрғындарға еш қауіп жоқ.

Қазақпарат