Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні дайындалатын қасиетті ас. Оның қасиеттілігі мерекелік ас болғанында емес, адам ағзасына берер қуаты мен нәрінде. Өйткені қыстан арып-ашып, қуқылданып, көзі қарығып шыққан адамға ағзасын қалпына келтіру үшін нәрлі ас ішу керек. Заманауи тілмен айтқанда, көктемгі авитаминозбен күресудің тиімді амалы болмақ.
Әдетте, наурыз көжені дайындауға жеті түрлі дәм қосатыны белгілі. Оның арнайы рецептісі жоқ. Өйткені қыстан барымен шыққан адам қолында барын нәр етіп, көжесіне қосады. Бірақ басты шарт – бұлар әртүрлі болуы тиіс.
Ет
Наурыз көженің басты тағамы – ет, әрине. Ет – тағамдық құндылығы жоғары өнім. Қазақ наурыз көжеге қыстай сүрленіп қойылған етті қосады. Мұндай еттің құрамында амин қышқылы мол болады. Оның әлсіреген ағзаға пайдасы мол. Кейде бабаларымыз наурызда мал сойып, соның басы мен етін көжеге салатын болған.
Еттің құрамында су (73-77 пайыз), ақуыз (18-21 пайыз), май (1-3 пайыз), дәрумендер (В1, В2, В6), минералды тұздар, экстрактивті заттар бар. Одан бөлек, белок, амин қышқылдары, дәрумендердің мол қоры жиналған. Фосфор, темір, мырышқа өте бай.
Сорпа
Халқымыз еттің сорпасын жоғары бағалаған. Сорпаның бойында тағамға салынған бүкіл заттың пайдалы қасиеті шығады. Ет жеген соң, қазақтың сорпа ішетін жақсы қасиеті бар. Сорпа ас қорытуға көмектесетін жұғымды тағам.
Сүт
Сүт дәрумен мен минералды заттарға бай, әсіресе, фосфор мен кальцийдің мол қоры жиналған. Бұл авитоминозға тап болған ағзаға жақсы көмектеседі. Сүтте C, B1, B2, B3 (PP), B5, B6, B9 және B12 сынды дәрумендер бар. Әсіресе, көп азықта бола қоймайтын Д дәрімені кездеседі. Сүтті сәбиден бастап қарияға дейін – бәрі ішеді. Өйткені мұнда ақуыз да, кальций, магний, темір, йод пен калий сынды минералды заттар да бар.
Сүт барынша майлы болған сайын, соншалықты дәмді әрі пайдалы затқа бай келеді. Адамның сүйегін қатайтып, асқазан жұмысын жақсартады, иммунитетін көтереді.
Жарма
«Арпа, бидай ас екен» дейді халқымыз. Арпада қанның гемоглабинін жақсаратын пайдалы заттар болады. Ал бидайда кальций, калий, магний, темір, фосфор сынды минералдар бар.
Күріш, тары, бидай, арпаның қайсысын алсаңыз да, жұғымды, калориялы көмірсуға бай келеді. Тамақ құрамында көмірсу болмаған жағдайда тамақтағы май толық сіңбейді де, денсаулыққа зиян келтіреді. Көмірсу өсімдік өнімдерінде өте көп, сонымен қатар сүтте, бауырда болады.
Тұз
Тұзды тамаққа дұрыс салудың маңызы зор. Өйткені тағамға сіңбей қалуы мүмкін. Сондықтан тұзды етке пісерден жарты сағат бұрын салған жөн. Тұз – адам организмінің қалыпты жұмыс істеуі үшін бірден-бір қажетті зат. Тамақтың дәмін кіргізуден бұрын ас тұзы жасушаның су мөлшерін жөндеп, асқазан сөлін тұз қышқылымен қамтамасыз етеді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через