Мұнайдан түскен қаражатқа Қазақстан халқы неге шалқып өмір сүрмейді?

Мұнайдан түскен қаражатқа Қазақстан халқы неге шалқып өмір сүрмейді?

       Экономика саласының сарапшысы Мақсат Халық мұнай қорына бай Қазақстан азаматтары неліктен Сауд Арабиясы халқы сияқты шалқып өмір сүре алмайтыны туралы пікірін айтты.

       Ол қарапайым халық арасында айтылып жүрген көзқарасқа журналист Нартай Аралбайұлының Youtube арнасына берген сұхбатында кеңірек тоқталған.

        "Сандарға қарайтын болсақ, негізінде экономиканың қозғаушы күші ретінде мұнай қоры жөнінен Қазақстан әлемде алғашқы 12 елдің қатарында. Егер қазіргі өндіріс көлемі сақталар болса, алдағы 40-50 жылға жеткілікті мұнай қоры бар. Алайда неге біз Сауд Арабиясы сияқты шалқып өмір сүре алмаймыз, неге мұнайдан түскен қаражат әрбір азаматқа үлестіріліп берілмейді деген пікір бар. Оны қарапайым ғана есептеу арқылы түсіндіруге болады — өткен жылы 68 ,5 млн тонна көлемінде мұнай экспорттағанбыз, ол 27,7 млрд долларға сатылды. Енді оны біздегі халықтың санына бөлсек әқайсысымызға 1400 доллардан тиесілі болады екен. Бірақ біздің мұнай толығымен біздің еншімізде емес, 20 пайызы ғана Қазақстан үлесінде, демек сол 20 пайызды бөлетін болсақ, адам басына 280 доллардан шығады", - дейді экономист.

       Мақсат Халық Қазақстанды әлемде мұнай қорына бай, үздік экономикасы бар Норвегиямен салыстырып өткен. Сарапшы Норвегияны ұлттық қордағы қаражатты дұрыс пайдалануы тұрғысынан үлгі ретінде мысалға келтірді.

       "Мұнайлы өркениетті елдермен салыстыратын болсақ, Норвегияда жақсы үрдіс қалыптасқан. Халқының жағдайы өте тамаша, жан басына шаққанда ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) 70 мың доллар. Халқының саны 6 млн-ға да жетпейді. Ұлттық тұрақтандыру қоры бар. Онда қазір 1 трлн доллары жатыр. Ал бізде 55 мрлд доллар бар. Норвегиялықтар жылына қордың тек 4 пайызын ғана пайдаланамыз, қалғанын ұлғайтамыз, инветициялаймыз деп отыр. Сонда жыл сайын Норвегия еліне 10-ақ пайыз кіріс (инвестициядан түсетін кіріс) келді дегеннің өзінде 100 млрд доллардан астам қаражат төбесінен сый ретінде түсіп отыр. Ондай жағдайда 6 млн халқы бар мемлекетке бүкіл денсаулық сақтау саласын, білім-ғылымын, тағы басқасын дамытуға мүмкіндік бар", - дейді ол.

        Мақсат Халық Қазақстанның ұлттық қоры туралы айта келе, ондағы қаражаттың сарқылмауы үшін не істеу керектігіне де тоқталды.

       "Бізде ұлттық қор көбірек болған, бәрі 2008 жылғы дағдарыстан басталды. Біз одан тұрақты түрде трансферт жасадық. 2012-2013 жылдары халықтың әл-ауқаты жақсарды, бірақ біз сол кезде де ұлттық қордан аудара бердік. Кішкене болса да халықтың жағдайы жақсарған кезде ұлттық қорды толтыруды жалғастырған дұрыс.

       Өйткені қор келешек ұрпақ үшін деген ұғым бар. Егер оның көлемін тым болмағанда 200 млрд долларға жеткізсек, бізге де жыл сайын 20 млрд доллар сый болып келіп тұрады. Дамушы ел үшін 20 млрд жақсы көрсеткіш", - дейді сарапшы

        Экономист әсіресе пандемия тұсында ұлттық қордан көп қаражат аударылғанын айтады. "Пандемиямен күрес барысында өте көп аударым жасалды. 2020 жылы 4,7 триллион теңге, өткен жылы 3 триллион теңге және биыл да сондай көлемде ақша аударамыз деп отыр", - дейді Мақсат Халық.

        Ақпарат дереккөзі