фото: https://pixabay.com/ru/
Павлодар облысында су, жарық пен жылудың бағасы былтырдан бері тұрақты өсіп жатыр. Оны қарапайым тұтынушылар әр ай сайын келетін коммуналдық қызметтер түбіртегінен айқын сезіп отыр. Бірақ монополистер мұнымен тоқтап қалмақ емес.
Мәселен, жарықпен қамтушы компания тағы да тарифті көтеруді сұрады.
Өңірде электр энергиясын тұтынғаны үшін тұрғындар төлейтін тариф осыдан бір ай бұрын ғана өскен еді. Сол кезде бір киловатт/сағаттың құны 3 теңгеге қымбаттады. Яғни, 15.02 теңгеден 17,87 теңгеге дейін көтерілді. Оның 19 пайызға өскенін тұтынушылар осы айда қолға алған түбіртектен-ақ байқады.
Енді монополист құзырлы департаментке тарифті өсіруге қатысты тағы бір өтінішін жолдады. Соған сәйкес, 1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет ақысын қымбаттатуды көздеп отыр.
"Электр энергиясының көтерме нарығында тариф өсті. Оның ішінде ұлттық электр желісін қолданғаны үшін KEGOC компаниясына төленетін тариф көтерілді. Одан бөлек, баланстағы ғимараттарды жөндеу, амортизациялық шығындар ескеріліп отыр. Осылардың барлығын ескере келе, 1 сәуірден бастап 1 кВт/сағат электр энергиясы үшін бағаны қосымша құн салығынсыз орта есеппен 27,56 теңгеден 29,36 теңгеге көтеру ұсынысы бар", - деп хабарлады "Павлодарэнергосбыт" ЖШС өкілдері.
Оның ішінде тұрмыстық тұтынушылар үшін ақпан айында ғана көтерілген 17,87 теңге енді 19,57 теңгені құрауы мүмкін.
Бюджеттік ұйымдар үшін тарифті 67,53 теңгеден 72,91 теңгеге дейін өсіру қарастырылып отыр. Тұрмыстық емес мақсатта электр энергиясын қолданатын тұтынушылар мен әлеуметтік маңызы бар өндірістік өнімдерді шығаратын заңды тұлғалар жарыққа қазіргі 27,56 теңгенің орнына 29,36 теңге төлеуі ықтимал.
Монополисттің мұндай ұсыныстары облыс бойынша табиғи монополияны реттеу департаментіне жолданды. Өз кезегінде департамент басшылығы 20 наурызға қоғамдық тыңдау белгілеп отыр. Электр энергиясының тарифі өсер-өспесі, қанша сомаға көбейері сол кезде белгілі болады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через