Министрлік балаларды қорғау үшін 16 сайтты бұғаттауды ұсынды

Министрлік балаларды қорғау үшін 16 сайтты бұғаттауды ұсынды

Қазақстанда қолайсыз контентті қамтитын және бұғаттауға ұсынылатын сайттардың «қара каталогы» құрылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймулдинов айтты.

«Қазіргі балалардың біраз уақытты интернетте өткізіп, кеңістіктен ақпарат алуы қалыпты жағдай. Оның пайдасымен қатар зиянды жақтарын да ескерген жөн. Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, ата-аналардың 71,8%-ы балаларды тәрбиелеу процесінде олардың гаджетке, әлеуметтік желіге, интернетке тәуелділігі өзекті мәселе деп санайды. Осы мәселе ескеріліп, гранттық қаржыландыру шеңберінде «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу» әлеуметтік жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты – жастарды интернет-кеңістіктегі қауіпсіздік ережелерін үйрету, интернет пен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу үшін жағдай жасау», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жоба аясында жастар мен балалар арасында фокус-топтар сауалнамасы өткен және интернетке тәуелділік, құмар ойындар және кибербуллинг деңгейі жоғары өңірлерді анықтау үшін өңірлерде үйлестірушілер тағайындалды.

 «Желіде құмар ойындары бар сайттар анықталып, пайдаланушының «ата-ана бақылауы» жеке кабинеттерінде бұғаттауға ұсынылған 16 сайт анықталды. Қолайсыз мазмұнды қамтитын және бұғаттауға ұсынылатын сайттардың «қара каталогы» құрылды. Интернет-тәуелділіктің, балалар мен жастарға арналған кибербуллингтің алдын алу бойынша онлайн курс өткізілді, оған өңірлерден 200-ден астам адам қатысты. Онлайн-курсқа қатысушылардың орташа жасы 18 жасты құрады, ал барлық қатысушылардың 88% бұрын кибербуллинг пен интернетке тәуелділіктің алдын алу бойынша онлайн оқытуға қатыспаған», - деді Қ. Баймулдинов.

Айта кетейік, Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Фото: love-mother.ru