Астаналық оқушы Меруерт Камалиденова Италияның Каттолика қаласында өткен Grandiscacchi International Chess Festival 2022 чемпионатында әлемнің ТОП-50 үздік шахматшысының тізіміне енді.
Бұл жайында қалалық №54 мектеп-лицейінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Өздеріңізге белгілі біздің мектебімізде шахматтан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы білім алады. Нақтырақ айтсақ, мектебіміздің 10-сынып оқушысы Меруерт Камалиденова есімі бүгінгі таңда елімізге танымал есім. Ол туралы, оның жемісті жетістіктері туралы осыған дейін де талай жазған болатынбыз. Бүгін тағы да сіздерден сүйінші сұрайтын қуанышты сәт! Шахматтан халықаралық қыздар шебері Меруерт оқушымыз жақында Италияның Каттолика қаласында өткен Grandiscacchi International Chess Festival 2022 чемпионатында азулы қарсыластарын шаң қаптырып, өте жоғары көрсеткішке ие болып, әлемнің ТОП-50 үздік спортшысының тізіміне енді» делінген мектеп таратқан мәліметте.
Меруерт Камалиденова — қазақстандық шахматшы, шахматтан халықаралық спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы.
Бірнеше рет Қазақстан атынан жастар арасындағы әлем және Азия чемпионатында әртүрлі жас топтарында өнер көрсеткен.
14 жасқа дейінгі қыздар арасындағы шахматтан әлем чемпионатында, шахматтан қыздар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен.
Қыздар арасында 2021 жылғы Қазақстан чемпионы.
2021 жылы әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатының ширек финалисі атанды, үшінші тақтада жекелей сында қола медаль жеңіп алды.
Турнирлердегі табысы үшін FIDE Меруерт Камалиденоваға 2019 жылы қыздар арасындағы халықаралық шебер (WIM) атағын берді.
Былтыр шахматшы Үндістанда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 14 жасқа дейінгі қыздар арасында алтын жеңіп алды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через