Менингитті дұрыс емдемеу мүгедектікке алып келеді
Дәрігер Шолпан Дайрабаеваның кеңесі
Менингит – халық арасында кең тараған қауіпті дерттің бірі. Ол көбiне суықтан пайда болады. Яғни ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Десек те бұл аурудың қатерлі екенін көпшілік жете түсіне бермейді. Қазіргі кезде ғалымдар менингиттің түрлерін қоздырушылар бойынша бөледі. Олардың арасынан бактериалды, вирусты, тазды және басқа да түрлерін атап айтуға болады. Соңғы уақытта менингит ауруы елімізде өршіп тұр. Бұған не себеп? Ауруды қалай алдын алуға болады? Менингит ауруына шалдыққан адам айыға ала ма? Осы сұрақтар төңірегінде №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік маманы Шолпан Дайрабаеваның пікірі.
– Біріншіден, менингококктың пайда болу тарихына үңілсек, ол V ғасырда анықталған микроағза болып табылады. ДДСҰ мәліметі бойынша 20% адамның ағзасында менингококк инфекциясы болады. Бірақ сол инфекцияның активті түрге өтуі үшін адамға қандай да бір сыртқы ортаның әсері болады. Сондай-ақ, адам ағзасына инфекция түссе және иммунитет әлсіресе, менингококк микробы айтарлықтай қауіп тудырып жатады.
– Менингококкты менингит – менингиттің жұқпалы бактериялық түрі, мидың шырышты қабығына әсер ететін ауыр инфекция. Бұл мидың ауыр зақымдалуына әкелуі мүмкін және дұрыс емделмесе 50% жағдайда адам өлімі тіркеліп жатады. Менингококкты менингит симптомсыз тасымалданады. Онымен кез келген адам ауруы мүмкін, соның ішінде нәрестелерге келер қауіп көп. Себебі иммундық жүйесі әлі дұрыс қалыптаспаған жас ағза вирусты тез қабылдап алады.
Ал менингит – ми мен жұлынның шырышты қабығының қабынуынан пайда болатын қауіпті ауру. Менингит бірнеше түрге жіктеледі: бактериялық, вирустық, саңырауқұлақ. Ал қабыну процесі бойынша іріңді және серозды болып келеді.
Вирусты менингит – вирустар тудыратын ми қабықшалары мен ми қабаттары арасындағы сұйықтыққа толы кеңістікті жабатын мембраналардың қабынуы. Яғни бұл кезде вирус ағзаға түседі. Көбінесе аталған вирус жаз мезгілінде үдей түседі, ол 5 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Бұл инфекция жеке бастың гигиенасы дұрыс сақталмаған жағдайда, жеміс-жидектерді таза жумай жеген кезде немесе далада ойнап ластаған заттарды, кір қолды ауызға, мұрынға апару арқылы ішке енген вирустың асқынуы салдарынан болады. Әрбір вирус қантамырды зақымдайды, яғни ол қантамыр арқылы миға өтеді. Осылай менингит инфекциясы пайда болады.
Бактериалды менингит – жұлын мен миды қорғайтын мембраналардың инфекциясы. Бұл аурулардың пайда болуында үш қоздырғыштың рөлі зор. Олар: менингококтар, пневмококктар және гемофилді таяқшалар. Қазіргі уақытта пневмонияның өршу кезеңі болып жатыр. Пневмония уақытында емдемелмеген жағдайда, ол асқынып бактериалды менингитке өтеді.
– Менингиттің бастапқы сатыларында ЖРВИ-мен шатастыруы мүмкін. ЖРВИ кезінде де, менингит кезінде де дене қызуы көтеріліп, 39 – 40-тан түспейді. Жоғары температура үш күннен, бір аптаға дейінгі аралықта болады. Одан кейінгі кезеңде күніне 7-8 реттен 10-15 дейін құсудың пайда болуы. Яғни ол кезде адам тамақ ішпегеннің өзінде себепсіз құса береді. Егер асқынған жағдайларда денеде бөртпе, ұстама (судыргы) пайда болады. Қантамыр вируспен немесе бактериямен зақымдалған кезде ұйыған қанды зақымдап, жарылуына әкеп соғады.
Инфекцияның таралу жолдары
– Инфекцияның таралу жолы алдымен адамға басқалардың жөтелінен немесе түшкіруінен жұғып жатады. Одан кейін тұрмыстық жеке гигиена ережелерін сақтамаған кезде, жеміс-жидек пен көкөністерді жумай жегенде немесе таза жумағанда, анадан балаға (жүктілік немесе босану кезінде инфекция түсуі мүмкін) және гематогенді бактерия немесе вирустар қан арқылы келеді.
Инфекцияның емделу жолдары
– Біріншіден жоғарыда атап өткен шағымдар болған жағдайда, жедел жәрдемге немесе аймақтық дәрігерге хабарласу керек. Бұл инфекция үй жағдайында емделмейді. Сондықтан міндетті түрде дәрігерге қаралып, кешенді медициналық көмекке жүгіну керек. Науқасқа алдымен тыныштық керек, сосын міндетті түрде антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттарды қабылдау қажет. Кейде ауыр жағдайларда реанимациялық процедураларға жүгінуге тура келеді. Сол себептен айтылған белгілер пайда болған уақытта бірден маманға жүгініп, денсаулыққа салғырт қарамау керек.
Балалар арасындағы менингиттің белгілері
– Балаларда менингит жұқпалы аурулармен қатар жүреді. Иммундық жүйесі қалыптаспағандықтан, оларда инфекция белгілері бірден көрінеді. Көп жағдайда екі айдан бес жасқа дейінгі балаларда ауруды жұқтыру қаупі жоғары. Жаңа туған нәрестелерде және кішкентай балаларда менингиттің белгілері бірнеше сағат ішінде байқалады. Балалар арасындағы менингит кезінде – шамадан тыс шаршау, тамаққа тәбеті болмау немесе мүлдем тамақтан бас тарту және құсу белгілері пайда болады. Балалар арасындағы бұл жұқпалы аурудың тағы бір белгісі - денеге бөртпе шығып, тері бозарады. Сондай-ақ мұрын қуысында веналық өрімдер болады. Ол ағзадағы қантамыр жүйесіндегі мимен тікелей байланысты. Мұрын қуысында тұрған іріңді инфекцияның миға өту қауіпі жоғарылай түседі.
Жұқпалы аурумен көбіне ауыратындар
– Менингитті жұқтыру қаупі жақында инфекциялық аурулармен ауырған адамда, созылмалы дертке шалдыққандарда, арқа және бас жарақат алғандарда, жиі күйзеліске түсетіндерде, дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт пайданлағандарда, дәрумен тапшылығында, алкогольге салынғандарда және нашақорларда жоғары болады.
Біздің елімізде күнтізбеде көрсетілген міндетті екпелердің ішінде пневмония шақыратын пневмококқа қарсы екпе бар. Ол балалар арасында екі, үш, төрт айлығында және 1,5 жасында алынады. Бұл екпелер біздің қолымызда бар, бірақ ол арнайы менингиттікі емес. Оны шақыратын қоздырғыштардың алдын алу мақсатында қолданылады. Міндетті менингококқа қарсы күнтізбе жоспарында екпе жоқ. Себебі, бұл инфекция бізде жиі кездесетін ауру емес. Бір уақыттары бұл жұқпалы ауру үдейді де, басылады. Ал шетелде бұл вирусқа қарсы арнайы екпе бар. Біздің елге қашан келетінін дөп басып айту қиын.
Менингитке шалдыққан адам ауруынан толық айығады
– Дер кезінде ем-дом көрсетілсе айығады. Бірақ асқынған жағдайда көздің көруі нашарлап, құлақтың естуі төмендеуі мүмкін. Яғни уақытында қажеті емдік шараларын жасамау – мүгедектікке алып келеді.
– Инфекциялық аурулардың ерекшелігі – бір-бірімен қатарласып жүрмейді. Қазір байқасаңыздар, коронавирус инфекциясының өршіген уақытында басқа инфекциялар «тынышталып» қалды. Қазіргі уақытта барлық адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын болды. Жалпы инфекциядан сақтанып жүрудің ең дұрыс жолы – тазалық сақтау. Антисептик, медициналық бетперденің де тиімділігі бар. Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану – кез келгеніміздің басты қағидамыз болу керек.
Мақала EL.KZ сайтынан қысқартып алынды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через