Мемлекет есебінен шетелде қалай тегін емделуге болады?

Мемлекет есебінен шетелде қалай тегін емделуге болады?
фото: Фото: freepik

Өткен жылы 94 қазақстандық шетелде тегін ем қабылдады.

"2023 жылы Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында шетелде ем алуға 94 азамат жіберілді. Айта кету керек, пациенттердің ем алу уақыты әр түрлі. Кейбіреуі бірнеше ай ем алса, енді біреуге бір жыл қажет болады. Сол себепті осы 94 азаматтың 61-і толық ем алып елге оралды. Қалғаны ем алуды жалғастырып жатыр", – деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шетелде емдеуді ұйымдастыру қызметінің басшысы Ләззат Шоманова.

Қазақстандықтарды бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу "ТМККК шеңберінде Қазақстан азаматтарын шетелге емделуге жіберу және (немесе) емдеуді отандық медициналық ұйымдарда жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту қағидаларын әзірлеуді бекіту туралы" 2021 жылғы 26 мамырдағы № ҚР ДСМ-45 бұйрығымен бекітілген аурулар тізіміне сәйкес жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мемлекет қаржысы есебінен шетелде емделетін аурулардың тізіміне 9 түрлі ауру түрі бар.

Атап айтқанда, мидың хирургиялық қол жетпейтін функционалды маңызды аймақтарында орналасуына байланысты радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) қажет ететін артериовеноздық мальформациялар мен ісіктер, эндоваскулярлық емдеуге арналған ми діңі, жұлын тамырларының артериовенозды мальформациялары және артериялық аневризмдер, трансоральды алып тастау үшін бас сүйегінің негізінің ісіктері, радиохирургиялық емдеуді қажет ететін көздің қатерлі ісіктері (гамма-пышақ, радиоактивті аппликаторлар), кератопротездеу жатады.

Сондай-ақ бұл тізімде ересектер мен балалардың гемопоэздік дің жасушаларын аутологиялық және туыстық транспланттауды қоспағанда, тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауды талап ететін аурулар, Қазақстанда талап етілетін технологиялардың болмауына байланысты емдеудің осы әдістемесі орындалмайтын аурулардан басқа, сондай-ақ мөлдір қабықты транспланттау, көмейдің стенозы, кеңірдек стенозы, Lu (лютеций) 177 изотопымен радионуклидтік терапиямен нейроэндокриндік ісіктер де жатады.

Науқас тегін квота алу үшін республикалық денсаулық сақтау ұйымына құжаттарын өткізуі тиіс. Квота барлық керек қызметті, науқас пен оны алып жүрушінің көлік шығындарын өтейді.

2022 жылы шетел клиникаларына 80 қазақстандық жіберілді. 2023 жылы өзге елдерге тегін емделуге жіберілген 94 адамның 67-сі бала болса, 27-сі – ересек. Пациенттердің негізгі бөлігі (25 жағдай) сәулелік (протонды, радиоизотопты, радионуклеидті) терапияға жіберілген. Электропорацияны қолдану арқылы склероздеу – 22 жағдай немесе 23%, ағзаларды трансплантациялау – 17 пациент немесе 18, гемопоэтикалық тін жасушаларын трансплантациялау – 10 науқас, кардиохирургиялық оталарға – 7 пациент.

"Бір жағдайдың орташа құны 15 001 мың теңге болды. Бұл ретте бір пациентке кететін шығындар 414 мың теңгеден 61 561 мың теңгеге дейінгі аралықта өзгереді. Ең қымбат операцияларға қайтыс болғаннан кейінгі донордан бауыр трансплантациясы мен жүрек трансплантациясы жатады. Өткен жылы 6 пациент, оның ішінде 4-уі бауыр трансплантациясына, екеуі жүрек трансплантациясына жіберілді", – делінген ӘМСҚ жауабында.

Ақпаратқа сәйкес, 2022 жылмен салыстырғанда пациенттердің жалпы саны электропарацияны қолдана отырып склероздеуге жолдаманы арттыру есебінен 12%-ға немесе 11 жағдайға ұлғайды. Бұл – Германия клиникасына емделуге жіберілген тамырлы патологиясы бар балалар.

Айта кету керек, елімізде жеткілікті дамымаған немесе мүлдем жүргізілмейтін жоғары технологиялық медқызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін пациенттер шетелде емделуге жіберіледі.

ҚазАқпарат