Мейрамханада даяшы қызметі үшін 10% үстемақы төлеу заңды ма?

Мейрамханада даяшы қызметі үшін 10% үстемақы төлеу заңды ма?
фото: ru.freepik.com

Кез келген қоғамдық орында өз құқығын білген азамат еш уақытта ұтылмайды. Қазір үйреншікті болса да, заңға қайшы әрекеттерді кездестіруге болады. Соның бірі - мейрамханада тамақ ақысынан бөлек, даяшы қызметіне берілетін 10-15% көлеміндегі ақша. 

Маманның айтуынша, тамақтану орындарында даяшы міндетті түрде қызмет көрсетуі керек.

"ҚР Сауда және интеграция министірлігімен бекітілген ГОСТ30389-2013 стандартқа сәйкес, кафе, мейрамхана секілді тамақтану орындарында қызмет көрсеткені үшін қосымша үстемақы алуға болмайды делінген. Яғни, қоғамдық тамақтану объектілерінде даяшы міндетті түрде қызмет көрсетуі керек. Жұмыс беруші (кафе, мейрамхана басшылары) барлық қызметкерге жалақыны Еңбек Кодексінің талаптарына сай төлеуге тиіс",- деді ол.

Заңгердің сөзінше, кейбір мекемелердің бұл әрекеті заңсыз. Соттасқан жағдайда сөзсіз ұтуға болады екен.

"Қазіргі уақытта осындай мекемелер қызметкерлермен ешбір еңбек шартына отырмастан, ақшаларын күнбе-күн береді. Шығындарын азайту үшін тамақтануға келген клиенттен 15%-ға дейін заңсыз үстемақы алып қояды. Олардың пікірінше, клиент тамақтануға келген кезде үстемақы туралы білетіндіктен, мұны жария шарт деп есептейді. Сол себепті заң бұзылмаған деп сендіреді. Алайда азаматтық тәртіпте соттасқан жағдайда осы заңсыздықтар әшкере болатыны айдан анық",- деді Нұрлан Ахат.

Оның пікірінше, тұтынушы мұндай үстемақыны төлеуге міндетті емес. Клиенттің құқығы қай кезде де сақталуы керек. Ал тұтынушы қызмет көрсетудің сапасына ризашылық ретінде 10-15%-ды төлеймін десе - өз еркі.

Bugin.kz