Криптовалютаға инвестиция салу қаншалықты тиімді

Криптовалютаға инвестиция салу қаншалықты тиімді

     Бүгінде әлемде кирптовалютаның мыңдаған түрі бар. Осы орайда қаржы консультанты әрі инвестор Әлібек Жалғасбаев олардың кейбіріне ғана инвестция салуға болатынын айтады.

     «Криптовалютаны кім көрінген жасай алады. Олардың басым бөлігінің жақсы іргетасы, сапалы техникалық базасы жоқ. Оларды ойлап тауып, елең еткізерлік ат қояды да айналдырып, бағасын көтереді. Ал содан кейін «секіріп» кетеді. Соңынан секіргендер ұтылып, бірінші шығып кеткендер табысқа кенеледі. Бұл да қаржы пирамидасы сияқты ғой. Дегенмен, үлкен команда жұмыс істейтін негізгі бірнеше криптовалюта бар. Олар нарықта 14 жыл қолданыста әрі өздерінің блокчейн технологиясын қосымша, бағдарламалық қамтамасыз ету, Play To Earn ойындары арқылы қалыптастырады. Олардың өзіндік жасқы базасы бар. Оған эфириум, биткоин жатады. Меніңше, тек осыларды ғана қарастыруға болады. Егер сіз бұл салада сарапшы болмасаңыз, онда қалғандарын мүлдем ұмыту керек», - дейді сарапшы.

     Оның атап өтуінше, валютаға инвестиция жасау жайында айтқан кезде түрік лирасы немесе непал рупиі емес, доллар жайында ғана сөз болады.

     «Доллар да биткоин сияқты. Ал қазақстандық теңге қалған елдердің бәрінде қабылдана бермейді. Криптовалюта өзінің жүйесінде ғана қабылданады және ол қоғамдастық шағын ғана болса, онда ондай криптовалютаға иелік етудің еш мәні жоқ. Бәріне бірдей пицца сатып ала бермейсің. Ал егер әлем халқының 30 пайызы қолданатын криптовалютаға иелік етер болсаңыз, онда ол құнды бола түседі әрі оған кез келген затты сатып ала аласыз. Осы тұрғыдан алғанда эфириум мен биткоин құнды, ал қалғанының еш құны жоқ», - деп атап өтті Әлібек Жалғасбаев.

     Сонымен қатар ол өткен жылдың соңында 68 мың доллардан асып жығылған биткоинның бүгінде 23 мың долларға дейін құлдырау себебін түсіндіріп берді.

     «Биткоин пайда болған сәттен бергі жайт әлі де қайталанып келеді. Әр уақытта да ол шырқау шегіне жеткеннен кейін 70 пайызға дейін құлайды. Алғаш рет мұндай жайт биткоин шамамен 10-20 доллар тұрған кезде болды. Сол кезде 6 долларға дейін құнын жоғалтты-ау деймін. Келесі жолы ол 1 мың долларға дейін көтеріліп, 400 долларға, одан соң 19 мың доллардан 3 мың долларға құлдырап кетті. Бұл - санмен алғанда өте үлкен құлдырау саналады. Қазір ол 60 мың доллардан 18 мыңға дейін құлады. Осындай жайт болып жатыр және бұл биткоинның нашарлығынан емес. Адамдарда қорқыныш пайда болды және олар сата бастады. Бойыңызды қорқыныш билегенде одан құтылып, қарақұмық пен дәретхана қағазын сатып алғыңыз келеді», - деді ол.

     Informburo.kz