Кредиті бар адамдар базалық ставка туралы нені білуге тиіс

Кредиті бар адамдар базалық ставка туралы нені білуге тиіс

       2021 жылы 13 қыркүйекте Ұлттық банк базалық ставканы 9,5%-ке дейін көтерді. Ал бұған дейін 26 шілдеде базалық мөлшерлеме 9%-тен 9,25%-ке дейін жоғарылаған еді

Жалпы, базалық ставка деген не? Оның коммерциялық банктер беретін кредиттер мен депозиттерге әсері қандай?

       Базалық ставка деген не?

       Базалық мөлшерлеме – елдегі орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни Ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді, депозитке де осы мөлшерлемемен қабылдайды.

       Базалық пайыздық мөлшерлемені бекіту кезінде экономикалық көрсеткіштер негізге алынады. Ұлттық банк ставканы экономиканың жай-күйіне қарай көтереді немесе төмендетеді.

       Банктердің қарапайым халық пен бизнеске беретін кредиттерінің пайызын белгілеуде базалық ставка маңызды рөл ойнайды. Банктер базалық ставканың үстіне тағы пайыз қосып, өздерінің кредит мөлшерлемесін бекітеді.

       Былайша айтқанда, базалық ставка – ел экономикасы мен банк секторы үшін бағыт-бағдар.

       Базалық ставканың экономикаға ықпалы

       Екінші деңгейлі банктер клиенттерге қарыз беру үшін ақшаны орталық банктен алатындықтан, олар өз пайыздық мөлшерлемесін базалық ставканы ескере отырып есептейді. Базалық ставкаға өз маржасы мен тәуекелдерін қосады. Сол себепті базалық ставка жоғарыласа, коммерциялық банктердің несиесі де қымбаттай түседі. Ал бұл кәсіпкерлер мен қарапайым адамдардың қалтасына салмақ салады. Кейбір шағын және орта кәсіпкерлерге бизнес жоспарларынан бас тартуға тура келеді. Бұған қоса, халықтың сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін. Адамдар кредитті аз алып, ақшаны аз жұмсайды.

       Ал базалық мөлшерлеме төмендесе, кредит те арзандайды. Яғни халық пен бизнеске арзан несие қолжетімді болады. Кәсіпорындарда ақша молаяды, инвестиция көбейеді. Мұның бәрі ел экономикасының өсуіне ықпал етеді.

      Базалық ставка мен инфляция арасындағы байланыс

       Базалық ставканың тағы бір міндеті – инфляцияны барынша тежеп, оның өсуіне жол бермеу.

       Инфляция дегеніміз – тауарлар мен қызмет бағасының өсуі.

       Әдетте Ұлттық банк инфляцияны ұстап тұру үшін базалық ставканы көтереді. Базалық мөлшерлеме жоғары болған сайын, экономикада еркін айналымдағы ақша массасы соғұрлым азаяды. Яғни халық қызметтер мен тауарларға аз ақша жұмсайды. Өйткені базалық ставка жоғарылағанда, ақшаны оңды-солды жұмсағанша, оны депозитте сақтап, үстінен пайда көрген әлдеқайда тиімді.

       Ал базалық ставка төмендегенде, халық пен бизнес ақшаны көп жұмсайды. Бұған кредиттің арзандауы да әсер етеді.

       Базалық ставканың теңгеге әсері

       Ұлттық банк бекітетін базалық ставка теңге бағамына да ықпал етеді. Егер базалық ставка жоғарыласа, ұлттық валютаның бағамы да жоғарылайды.

       Ал базалық ставка төмендесе, ұлттық валюта бағамы әлсірейді, өйткені ақша құны төмендейді. Алайда мұндай әсер тек қысқа мерзімдік аспектіде байқалады. Орта мерзімдік аспектіде өндірістің өсуі және инфляцияның төмендеуі ұлттық валюта бағамының өсуіне әкеледі.