Кореяда қазақы салт-дәстүрден сыр шерткен ерекше көрме өтті

Кореяда қазақы салт-дәстүрден сыр шерткен ерекше көрме өтті
фото: Хабар 24

     Ал осы елге келетін туристердің қатары болашақта корейлермен толығуы мүмкін.

     Оңтүстік Кореяның Солтүстік Чолла провинциясында қазақ елінің салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін ерекше көрме өтті. Чонбук ұлттық университетінің студенттеріне еліміздің көрікті жерлері көрсетіліп, Қазақстан жөнінде кеңінен мағлұмат берілді.

     Владислав Цой, тілші:

     - Солтүстік Чолла провинциясының Ұлттық университетінде Орталық Азия мәдениетінің апталығы дәстүрден жаңылмай жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл студенттер Қазақстанмен танысты.  Өйткені, бұл аймақта еліміз туралы көп айтыла бермейді. Ал оқу орнында небәрі 4 жерлесіміз білім алады. Алдағы уақытта мұнда білім нәрімен сусындайтын отандастарымздың қатары арта түсуі мүмкін. Өйткені Солтүстік Чолла провинциясы Алматы және Қызылорда облыстарымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

     Көрмені Солтүстік Чолла провинциясы мэрияның қызметкері, Кореяның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ким Дэ Сик ұйымдастырды. Мұнда келушілер қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен танысып, ұлттық нақыштағы кіимдерімізді киіп көрді. Қазақстан елшілігі өткізген дәрісте еліміздің көрікті жерлері көрсетілді. 

     Студенттер дипломаттарға еліміз туралы бірқатар сұрақтар қойды. Мардымды жауаптар алып, Қазақстанда шығарылған тәттілерден дәм татты. 

     Со Джи Ху, студент:

     - Осы уақытқа дейін мен Қазақстан туралы ештеңе білмедім. Бүгін мен бұл ел туралы көптеген деректерді естідім. Елдеріңіздің бас қаласы Астана өте әдемі. Маған қаланың түнгі көріністері мен ЭКСПО шары қатты ұнады. 

     Ли Джу Ен, студент:

     - Мен Қазақстан деген мемлекеттің барын естігенмін. Бірақ мұншалықты табиғаты көркем ел деп ойлмаппын. Астаналарыңыз таза әрі көрікті екен. Алдағы уақытта Қазақстанға саяхаттағым келеді. 

     Көрмеге қатысушылар әлемдегі ең танымал музыканттардың бірі Димаш пен диджей Иманбектің Қазақстанның тумасы екеніне тәнті болды. Алдағы уақытта елімізге саяхаттап келіп, қонақжай халқымыздың мәдениетімен етене танысуға ниетті екендерін жеткізді.

     Ақпарат дереккөзі: www.24.kz