Кентауда құс цехы іске қосылды

Кентауда құс цехы іске қосылды
фото: Бақ кз

«Ауыл аманаты» аясында Кентау қаласы, Қарнақ ауылында «Тажиддин ата» АӨК өз жұмысын бастады. Аталған цехта құс еті өндірілмек. Қазіргі таңда цехқа құстың бройлер росс-308 деп аталатын түрі әкелінді. Енді оны 42 күн баптап, өсіріп, үлкендерін етке айналдырамыз. Етті әзірге Кентау мен Түркістан қаласына өткіземіз. Алдағы уақытта басын көбейтіп облысты қамту жоспарлануда, – дейді цех басшысы Алимхан Абдуғаппаров.

Жылына 50 тонна ет өндіру жоспарланған цехқа 2000 бас құс әкелініп, бапталуда. Шаруа 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта инкубациялық жұмыртқа әкелініп, құс цехы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салыну көзделуде. Жалпы жобаның құны 27 600 000 теңге.

Айта кетейік, «Тажиддин ата» АӨК құс етінен бөлек, жұмыртқа шығаруды да жоспарлап отыр.

ҚазАқпарат