Кәсіпқой бокс кешіндегі Данияр Елеусіновтің қарсыласы белгілі болды

Кәсіпқой бокс кешіндегі Данияр Елеусіновтің қарсыласы белгілі болды
фото: qarmaqshy-tany.kz

       "Чемпиондар түні IBA" - "Astana Arlans" атты Астанада өтетін жартылай кәсіпқой бокс кешінде боксшы Данияр Елеусіновтің қарсыласы кім болатыны белгілі болды.

       Жанкүйерлер асыға күткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде 71 келі салмақта Данияр Елеусінов (11-0, КО 6) Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Джабулани Макхенсемен (14-2, КО 7) жұдырықтаспақ. 

       Жалпы, кеште отандық боксшылардың қатысуымен 8 жекпе-жек ұйымдастырылады. Әр айқас 6 раундтан тұрады.

       Жарыс шымылдығын 51 келі салмақта әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай мен Азия чемпионы, Өзбекстан спортшысы Нодиржон Мирзаахмедов ашады.

       2019 жылғы әлем чемпионы және Токио олимпиадасының қатысушысы Бекзад Нұрдаулетов (6-0, 2 KO) Ресей спортшысы Никита Зонмен (7-0-1, КО 5) кездеседі. 

       67 келіде 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2019 жылғы Еупопа ойындарының күміс жүлдегері, WBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта 10-орында тұрған Харитон Агрбамен (12-0, КО 8) жұдырықтасады.

       2022 жылғы ҚР чемпионы, әрі 2023 жылғы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия вице-чемпионы Ерасыл Жақпеков 80 келіде жастар арасында Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (19-22 жас), Нидерланды боксшысы Градус Клауспен шеберлік байқасады.

       Биылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов 71 келіде мексикалық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, КО 17) қолғап түйістіреді.

       2021 жылғы әлем чемпионатының финалисті және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов 63,5 келіде Сербия намысын қорғайтын орыс боксшысы Павел Фёдоровпен (3-0, КО 1) сынға түседі.

       2023 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисті Махмұд Сабырхан 57 келіде кубалық Освальдо Диастың осал тұсын тауып көрмек.

       Жарыс 15-желтоқсанда сағат 19.00-де Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде басталатынын атап өткен жөн.  

       Stan.kz