Жақында Астанада Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстандағы 30-дан астам әйелдер бизнес-ассоциациялары мен азаматтық қоғам ұйымдарын біріктіретін «Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және гендерлік теңдік коалициясы» (бұдан әрі – «Коалиция») және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияда «Әйелдер кәсіпкерлігі – елдің экономикалық ресурсы» атты конференция өтті.
Жобаның мақсаты – Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылықты азайту. Сол мақсатта жұмыс істеу үшін бизнес-қауымдастықтарымен, азаматтық қоғам ұйымдарымен және кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеу көзделіп отыр.
Қазақстандағы Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығының (CIPE) өкілі Зарина Бекболаттың айтуынша, бүгінгі таңда еліміз бойынша қыз-келіншектер ұсақ және орта бизнестің – 43,5 пайызын, ірі кәсіптің 17 пайызын басқарып отыр. Соның кәсіп жүргізіп отырған қыз-келіншектердің 31 пайызы жұртты жұмыспен қамтиды. Ең қызығы, ерлер мен әйелдердің еңбекақысының айырмашылығы – 25 пайыз. Екеуі де бірдей жұмыс істесе де, ер азаматтарға төленетін ақы бірнеше есе артық болады екен.
– Елімізде 2022 жылғы наурыз бен шілде аралығында коалиция мүшелері 324 адамның қатысуымен консультативтік кездесулер ұйымдастырыпты. Атап айтқанда, фокус-топтар көптеген кәсіпкер әйелдерді қатыстырып, пікірталастар, әлеуметтік және мәдени-креативті кәсіпкерлік бойынша дөңгелек үстелдер, кәсіпкер әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылық мәселелері бойынша онлайн сауалнамалар мен тренинг өткізілді. Соның нәтижесінде, бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы барлық ақпаратты қамтитын бірыңғай онлайн бизнес-платформаның болмауы, қаржы ресурстарына қол жеткізудің қиындығы, Қазақстанда тәжірибе жүзінде қолданылатын сапалы бизнес-оқытудың болмауы, гендерлік кедергілер және т.б. мәселелер әйелдердің кәсіпкерлік қызметке толыққанды қатысуына кедергі болып табылады, – деді Қазақстандағы Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығының (CIPE) өкілі Зарина Бекболат.
Сонымен қатар, негізінен кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін әйелдерге орыс тілінен қазақ тіліне дұрыс аударылмаған құжаттар да түсініксіздік тудырады. Сондықтан оқырманына дұрыс жеткізілмеген мәтінді көбісі түсіне бермейтінін жеткізді.
– Еліміздің алты аймағынан 5 фокус топ құрылып, кәсіпкерлікті дамытуға қандай кедергілер бары анықталды. Соның нәтижесінде, әсіресе қазақтілді аймақтарда ақпараттандырудың аздығы көп кедергі келтіруде. Мысалы, мемлекеттік ұйымдар мен үкімет тарапынан жасалатын жеңілдіктер жайлы аз айтылады. Тіпті, кейбірі хабарсыз деуге болады. Соңғы жылдары көпбалалы аналар немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар әлеуметтік көмек алып бизнес ашуға жан-жақты қолдаулар көрсетіліп жатыр. Алайда бұл топқа енбейтін әйелдер кәсіп ашқысы келсе, неден бастауын білмей, бос сандалысқа түсіп жататыны тағы бар. Сол жағдайдан шығуына көмектесуіміз керек, – дейді «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі мүшесі Диана Ахметжанова.
«Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі төрайымы Меруерт Қазбекованың айтуынша, олардың ұйымы әйел кәсіпкерлігі мен гендерлік тепе-теңдікті дамыту бағытында жұмыс істейді.
– «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібі» өңірлік бағдарламасы жобасын Әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі жаһандық WAGE консорциумы жүзеге асырады. Жобаның мақсаты – Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылықты төмендету. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі коалиция құрылды, – деді ол.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через