Инфаркт пен инсульт көбейді: Қан қысымын қалай өлшеген дұрыс?

Инфаркт пен инсульт көбейді: Қан қысымын қалай өлшеген дұрыс?

Қан қысымын өлшегенде екі сан анықталады: систола және диастола қысымы.

Қан қысымы жоғары не төмен адамдардың үйінде міндетті түрде қысымды өлшейтін сфигмоманометр немесе тонометр болуға тиіс. Тонометр болғанның өзінде қан қысымын дұрыс өлшеп жүрсіз бе? Қан қысымының жоғары және төмен деңгейі – систола және диастоланың не екенін білесіз бе? Informburo Қазақстанның отбасылық дәрігерлері қауымдастығының мүшесі, дәрігер Дәулет Даутовтың жауабын ұсынады. 

Қан қысымын өлшеудің өзіндік техникасы мен әдістемесі бар. Тексеруші адам науқастың қан қысымын арнайы реттілікпен, тәртіппен өлшейді. Дәрігерлер кейде оны дұрыс орындамай, нәтижесі дұрыс шықпай жатады. Сондықтан қан қысымын дұрыс өлшеу өте маңызды.

Дәулет Даутовтерапевт-ішкі аурулар маманы, жоғары санаттағы дәрігер:

https://informburo.kz/storage/photos/83/6347b3571b9f9.png– Қан қысымын дұрыс өлшеу үшін ең алдымен науқасты дұрыс отырғызу керек. Ол орындықтың арқасына сүйеніп, бос отыруы керек. Келген бетте бірден өлшемей, 5-10 минуттай демалғаны жөн. Сырттан келгенде қан қысымы жоғары болуы мүмкін. Тексерілетін қолы үстел үстінде бос жатуы керек. Қан қысымын өлшеуге кірісу үшін манжетті қолдың жоғарғы тұсына дұрыс салу керек. Қатты орамай, тері мен манжет арасында бір-екі саусақ бос орын қалуы қажет.

Манжетті орағанда резеңке түтіктері төмен қарап тұрады. Ал танометр тексерілушінің жүрек тұсымен бірдей деңгейде тұрғаны жөн. Үстел болмаса танометрді манжеттің шетіне бекітуге болады. Айдайтын ауа толтырылған түтікті бекітеміз. Фонендоскопты шынтақ артериясы тұсына қоямыз. Түтік арқылы манжетке ауа үрлейміз. Манжеттегі ауаны ақырындап шығарамыз. Танометрдегі қан қысымының екі деңгейін белгілеп аламыз. Дыбыстар алғаш шыққан кезде ол – систола қысымы, дыбыстар жоғалған кезде – диастола қысымы. Манжетті шешіп, нәтижесін айтамыз.

Қан қысымын өлшегенде екі сан анықталады: систола және диастола қысымы. Мысалы, адамның қан қысымы 120/80 болды делік. Бірінші сан (120) – жүрек жиырылған кездегі артериядағы қысым. Екінші сан (80) – жүрек босаңсығандағы қысым. 120/80 болса қан қысымы қалыпты деген сөз.

Жоғарылаған қысым – систола кезінде (120-129 mmHg) аса қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Ал қан қысымы қатарынан бірнеше рет өлшегенде 130/80-нен жоғары болса, гипертония деген сөз. Бұндайда дәрігерге қаралу қажет.

Артерия қысымы тұрақты түрде жоғары болса, жүрекке жүктеме түседі. Себебі ол қанды үлкен кедергіге қарсы айдауға мәжбүр болады. Жүрек осылайша бірнеше жыл істесе жүректің ұлғаюы мен жеткіліксіздігі, миокард инфаркті, инсульт, бүйрек ауруына әкелуі мүмкін.

Артерия қысымын қадағалап отыру үшін дәрігер тағайындаған дәріні тұрақты түрде ішу керек. 

Қан қысымы тұрақты болуы үшін:

  • тағамдағы тұз мөлшерін азайту;
  • күніне 30 минут бойы дене жаттығуларын жасау;
  • артық салмақтан арылу;
  • диетаны өзгерту: майлы тағамды, қызыл ет пен қантты азайтып, рационға көкөніс, жеміс-жидек пен дәндер, балық етін қосу;
  • алкоголь бар сусын ішпеу қажет.

Ал қан қысымы төмен, мысалы 80/60 болса мұны гипотония дейді. Дәрігерлер қан қысымы төмен адамға көп қозғалуға, сусын көп ішіп, уақытылы демалып, тәулігіне кемінде 7-8 сағат ұйықтауға кеңес береді. Солай жасаса көп жағдайда қан қысымы ешқандай дәрі-дәрмексіз өзінен-өзі қалыпты деңгейге келеді.

Қан қысымы мазаламаса да жылына бір рет жалпы скринингтен өтіп тұру қажет. Осылайша, гипертонияның алдын алуға болады.