2021 жылы 3 мыңнан астам зерттеуші ғылыммен қош айтысқан.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Informburo порталы тілшісінің "Зерттеушілер неге ғылым саласынан кетіп жатыр?" деген сауалына жауап берді. Еске салайық, 2021 жылы 3 мыңнан астам зерттеуші ғылыммен қош айтысқан. Бұл соңғы 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Министрдің түсіндіруінше, ғалымдардың көбі қазір мектепте сабақ беруге ойысқан. Себеп – мұғалімдер жалақысының ғалымдардың табысынан артуы.
"Ғылымнан көп адамның кетіп қалуының негізгі себебі – қазір орта білім деңгейінде жалақылар көтерілді. Қазіргі таңда мектеп мұғалімдері ЖОО оқытушыларынан 2-2,5 есе көбірек ақша алады", – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Министр бұл олқылықты түзету үшін бірқатар шара қабылданғанын айтты. Ғалымдарды ғылымда ұстап қалу үшін биылғы қыркүйектен бастап 1 200 негізгі жетекші ғалымның жалақысы 70 пайызға көтерілген. Сонымен қатар, ғылыми институттарды базалық қаржыландыру жүйесіне көшіру жұмысы басталды.
"Көп жағдайда біздің ғалымдарымыз, профессорларымыз базалық жалақы болмағандықтан, гранттарға қарап қалады. Грант ұтып алса, жұмыс істейді, ал грант ала алмаса, ақшасыз қалады. Қазір Үкімет тиісті шешім қабылдады. Жыл сайын әр институт өзінің базалық қаржыландыруын алып тұрады", – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда ғалымдар мен зерттеушілердің орта жасы да жоғары.
"Мысалы, қазір академик ағаларымыздың орта жасы – 69 жас. Олар да ғылымнан ақырындап кетіп жатыр. Сол себепті біз жастарды ғылымға тартуымыз керек. Биылдан бастап "Жас ғалым" бағдарламасының аясында мыңға жуық грант беріп жатырмыз. Жыл сайын бұл гранттардың санын көбейтеміз. Бұл жас ғалымдарымыздың ғылыммен үздіксіз айналысуына көмектеседі. Олардың айлық шәкіртақысы – 500 мың теңге", – деді министр.
Саясат Нұрбек "Болашақ" бағдарламасының аясынан тыс, жыл сайын 500 ғылыми тағылымдамаға ақша бөлінетінін де еске салды. Бұл жас және орта жастағы ғалымдарға шетелге барып, ғылыми-зерттеу әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через