Германияда ұшақтар уақытында ұшпай, пойыздар кешігіп жатыр. Оған жұрттың жаппай ереуілге шығуы себеп.
Тұрғындардың талабы - жалақыны көтеру. Палестиналық ұстаздар да биліктен осыны сұрап отыр.
Ал Француздар: «биліктің даулы реформаны бекіткеніне қарамастан, оның орындалуына жол бермейміз», -дейді.
Францияда зейнетақы реформасына қарсы ереуілдің басылатын түрі жоқ. Тұрғындар зейнетке шығу жасын 62-ден 64-ке дейін ұлғайтуға қарсы. Жұрттың шағымына қарамастан, билік құжатты өткен аптада бекітті. Алайда қарсы тарап дегенінен қайтар емес. Мәселен, Лион қаласында темір жолшылар тура вокзал маңында көшеде от жағып, өз наразылығын білдірді.
Фабьен Вильдье, кәсіподақ өкілі:
- Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Ереуіл жалғасады. Реформаның іске асырылуына жол бермейміз. Бірінші мамырға тағы бір ірі наразылық акциясы жоспарланған. Оның ұйымдастырылуына кәсіподақтар ғана мұрындық болып отырған жоқ. Тиісті бастаманы тұрғындардың өздері көтеріп отыр.
Франциямен көршілес Германияда ДА халықтың толқуы басылар емес. Елдің үш бірдей әуежайында қауіпсіздік қызметінің өкілдері ереуіл ұйымдастырған. Соның салдарынан Гамбург, Дюссельдорф және Кёльн қаларының әуе айлақтарында 700-дей рейс ұшпай қалды. Ол аздай наразы топқа теміржол қызметкерлері де қосылды. Соның кесірінен бүкіл ел бойынша пойыздар да жиі кідіреді. Ереуіл қатысушыларының талабы бір. Олар жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды сұрайды.
Озай Тарим, кәсіподақ өкілі:
- Келіссөздердің жүріп жатқанына осымен 2 жыл болды. Сол уақыт ішінде 9 кездесу ұйымдастырылды. Бірақ баяғы жартас, сол жартас. Жұмыс берушілер бізді алдап, уақыт созып жүрген сияқты. Сондықтан мәселемізді жазға дейін шешуді талап етеміз. Бұл тек бізге ғана емес, екінші жаққа да керек. Өйткені толассыз ереуіл кесірінен олар да шығынға батып жатыр.
Таяу Шығыстағы ахуал
Таяу Шығыстың да құты қашты. Палестинада да наразы топ жалақысын көтеруді сұрап отыр. Бұл мұғалімдердің талабы. Билік олардың еңбекақысын қаңтарда өсіреміз деп уәде берген. Алайда осы күнге дейін айтқанын орындамаған. Ұстаздардың наразылыққа шығуының кесірінен, кейбір жергілікті мектептер ақпаннан бері жөнді жұмыс істемей тұр.
Ақпарат дереккөзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/597016-frantsiyada-ereuildi-basylatyn-t-ri-zho
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через