Еуропалықтардың 80%-ы шығынын айтарлықтай қысқартуға мәжбүр

Еуропалықтардың 80%-ы шығынын айтарлықтай қысқартуға мәжбүр

Франциядағы Secours Populaire кедейшілікке қарсы үкіметтік емес ұйымы жүргізген зерттеу көрсеткендей, еуропалықтардың жартысынан көбі қаржылық тәуекелді сезінеді, ал 80 пайызы шығындарын айтарлықтай қысқартуға мәжбүр.

Сауалнамаға сәйкес, әрбір төртінші еуропалық азамат энергияның қымбаттауы мен инфляцияға байланысты өмір сүру құнының өсуіне байланысты қиын қаржылық жағдайға тап болды.

Франция, Германия, Грекия, Италия, Польша және Ұлыбритания тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама осы елдер азаматтарының жартысынан көбі (54%) соңғы үш жылда сатып алу қабілетін жоғалтқанын көрсетті. Бұған негізінен азық-түлік, отын, жылу және жалға алу бағасының қымбаттауы себеп болған.

Респонденттердің 62%-ға жуығы жол шығынын қысқартқанын, 47%-ы жылуды үнемдей бастағанын, 40%-ы екінші жұмыс тапқанын, 29%-ы – кейбір тамақтан бас тартқанын айтты. Респонденттердің 64%-ы басқа нені үнемдеу керектігін кейде шеше алмайтынын мойындады, өйткені олар бәрін азайтып қойған, ал 27%-ы үйінен айырылып қалудан қорқады.

Сауалнама көрсеткендей, алты елдегі респонденттердің 48%-ы балаларын жақсы тамақтандыру үшін өздері жейтін кей азықтан бас тартқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Guardian басылымына сілтеме жасап.

Фото: ru.egemen.kz