Еуропаға қарағанда екі есе қымбат

Еуропаға қарағанда екі есе қымбат

Премьер-министр Әлихан Смайылов әуе билеттерінің баға саясатын қайта қарауды тапсырды. Оның айтуынша, жолаушылар рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты жиі шағымданады.

Мәселен, биыл қаңтар-ақпан айларында Fly Arystan компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуға тиіс рейстердің жартысына жуығын орындамаған. 25 ақпанда дәл осы әуе компаниясының жолаушылары "Астана-Шымкент" рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды.

"Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытайдағы осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін", - дейді Смайылов үкімет отырысында.

Айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды.

"Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы керек", - деп мәлімдеді премьер-министр.

Смайылов динамикалық баға белгілеуді қолдану мәселесін пысықтауды тапсырды. Айтуынша, бұл жоғары сұранысты тек кіріс көзіне айналдыру мүмкіндігін шектеу үшін керек.

Сондай-ақ, "Әуе кеңістігін пайдалану туралы" заңнан отын алымын қолдануды алып тастауды жеделдету қажет.

Қазақпарат