Енді ата-аналарға оқу орнынан қағаз анықтаманы алудың қажеті жоқ

Енді ата-аналарға оқу орнынан қағаз анықтаманы алудың қажеті жоқ
фото: Артем Чурсиновтың мұрағатынан

Оқу-ағарту министрлігінің Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева электрондық үкіметтің мобильді қосымшасындағы білім берудің жаңа қызметі туралы айтып берді.

Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, Талдау білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығымен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп eGov mobile мобильді қосымшасында «Білім туралы ақпарат» атты жаңа цифрлық құжатты іске қосты, - деді ол.

Сөзінше, енді білім туралы ақпаратты смартфонда eGov электронды үкімет қосымшасынан алуға болады. Барлық ақпарат eGov mobile қосымшасының «Цифрлық құжаттарының» «Отбасы» бөлімінде қолжетімді.

Ол балабақшада, мектепте немесе колледжде оқу фактісін растайтын білім туралы ақпаратты көрсетеді. Білім туралы ақпаратта баланың тегі, аты, әкесінің аты, жеке идентификация нөмірі, туған күні, білім беру ұйымының атауы мен мекен жайы, жас тобы немесе сынып тобы және балабақшаға арналған топтың атауы, мектептегі сыныбы немесе колледждегі тобы және т.б. деректерді көрсетеді. Енді ата-аналарға оқу орнынан қағаз түріндегі анықтама алудың қажеті жоқ. Олар жеке куәлікке ұқсас eGov mobile қосымшасынан білім туралы ақпаратты ұсынса жеткілікті, - деп түсіндірді Майра Маралбаева.

Ол 2023 жылғы 27 желтоқсанынан бастап оқу орнынан қағаз түріндегі анықтамаларды талап ету және алу тоқтатылғанын еске салды.

Baq.kz