Оқиға 2022 жылдың 5 қаңтарында болған. Бүлікшілер музейге кірген бетте «Алтын адамды» және музейдегі алтын заттарды іздеген. Бұл туралы Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған kazmuseum.kz сайтына музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы мәлімдеді.
«Қалада оқыс жағдай басталған кезде музейде жеті қызметкер қалып, басқаларын үйлеріне қайтарып жібердік.Түсткен кейін музейге таяу орналасқан жердегі ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын байқадық. Шамамен сағат 16.00 кезінде 200-дей шабуыл жасаушы музей ғимаратына кірді. Жүгіріп алдарынан шықтым. Барлығы дерлік жастар. Бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Сөзге тоқтамай электронды құрылғыларды қирата бастады. Арасында біреуі менің сөзімді естіп, қалғанына тоқтау салды. Оларға «Бұл заттардың барлығы – ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымызда ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады» деген сөзімді кейбірі тыңдады. Тыныштық орнатып меннен «Алтын адамның» түпнұсқасы қайда?, «Алтын заттар қайда тұр?», «Қылыштар бар ма?» деп сұрай бастады. «Алтын адамның» түпнұсқасы бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ма деп ойлаймын, кейбір заттар қараңғыда анық көріне қоймады. Музей туралы, музейдің қазір және болашақта не үшін керек екенін тоқтамай айта беріппін. Араларына кіріп, бірде ортасына шығып барынша көндіруге тырыстым. Менімен бірге тұрған музей қызметкерлері естіген екен, арасында тұрған біреуі мені «өлтіріп кетейік» деп, жан-жағындағыларға айтқан. Мен мұны естімедім. Бір кезде арасындағы 20 шақтысы діни рәсімдерін жасап, музейде тыныштық орнады. Құлшылықтарын жасаған соң барлығы сөзге тоқтады. Арасында біреуіне бағына бастады. Шамамен 5 сағаттай уақыт өткен соң, сыртта қара пальто киген екі жігіт келді. Жақсы киінген түзу адамдар сияқты көрінді. Ол екеуі топты басқарып жүргендерімен сөйлесіп, Алматы әуежайына кететінін, біраз уақыттан соң қайтып келетінін және музей ғимараты олардың штабына айналатынын айтты. Үнсіз бас изеп, олардың тезірек кетуін тіледік. Ішінен 20-шақты адам тағы да діни рәсімдерге сейкес құлшылық жасап болған соң, барлығы біреуінің бұйрығымен сыртқа шықты. Бұл шамамен 21.00 -ден асқан уақыт болатын», -деді Б.Дәндіқарақызы.
200-дей шабуылшы музейде болған уақытта ғимараттың қор сақтайтын арнайы жертөлесінде жаралы әскери мамандар болған.
«Біз музейге шабуыл жасағандармен алысып жатқанда музейдің бункерінде құқық қорғау органдарының 15 қызметкері жаралы жатқан еді. Әкімдік ғимаратына шабуыл басталғанда оларды музейдің ең түпкі қоймасына тыққан өзіміз едік. Музейдегі екі қызметкер жаралыларға білгендерінше медициналық көмек жасады. Арасында қол-аяғына, көзі мен кеудесіне оқ тигендер болды. Түрлері өте аянышты, жап-жас балалар. Оларға қарап жыларман болдық. Шабуылшылар 5 сағаттай музейде болған кезде бункерде құқық қорғау органдарының 15 адамы жаралы жатқанын білмеді. Барынша білдірмеуге тырыстық», -- деді музей директорының орынбасары.
Музейге келтірілген материалдық залал көлемі жақын күндері анықталатын болады. Ең бастысы –Ұлттық мұраларымызға зақым келмеген.
«Екі күн бойы музейге қонып, әріптестеріміз ұлттық мұраларымызды сақтап қалды. Қазір үйдемін. Өмірімде мұндай қорқынышты жағдайға түсіп көрмеппін. Бетпе-бет келгенде қорықпаған едім. Қазір бір қорқынышты түс көрген сияқтымын», -- дейді Бибігүл Дәндіқарақызы.
Музей қызметкерлерінің табанды ерлігінің нәтижесінде ұлттық мұраларға зақым келмей , электронды таблолар, стендтер тәрізді қайта қалпына келтіруге болатын, тарихи-мәдени құндылық болып саналмайтын құрылғылар қираған.
Қазіргі уақытта қалада және еліміздің басқа да өңірлерінде қонситуциялық тәртіпті ретке келтіру үшін әскери күзет күшейтіліп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылдың 5 мен 19 қаңтары аралығында Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланған.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через