фото: kaztag.kz
Алдағы уақытта елордада 60-қа жуық балабақша салынады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Standard.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«2017 жылдан бері қалада мемлекеттік балабақшалар салынбаған. Келер жылы осы бағдарламаны қайта бастауды жоспарлап отырмыз. Осы орайда 60-қа жуық балабақша пайдалануға беріледі. 11 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады. Кейбірі бизнеспен бірлесе салынса, қалғанының құрылысы тек бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады», – деді Ж. Қасымбек бүгін елорда кәсіпкерлерімен кездесу кезінде.
Астана басшысы сонымен қатар, балаларға арналған оқушылар сарайын салу жоспары туралы айтты.
«Мұндай 15 нысанның құрылысын жоспарладық. Әр ауданда 5 нысаннан салынады. Бесеуінің құрылысын келер жылы бастаймыз. Екеуі жергілікті бюджет есебінен болса, үшеуі мемлекеттік-жекешелік серіктестік тәртібінде тапсырылады», – деді қала әкімі.
Шаһар әкімінің сөзіне қарағанда, келер екі жылда қалада 50 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Содан кейін жыл сайын 10-ға жуық орта білім ордасы тапсырылуы тиіс.
«Себебі қаладағы табиғи өсім мен көші-қон процесі аясында бұл жоспарды жүзеге асыруымыз керек», – деді Жеңіс Қасымбек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через