Әрбір елдің экономикасы үшін табысты туризм деген сала бар. Табиғаты көркем, мақтанышпен көрсетуге тұрарлық дүниесі көп мемлекеттер шетелдіктерді өз еліне шақырып отыр. Өйткені, бұл саланың табысы мұнай мен газ сатудан түсетін пайдадан әсте кем емес.
Әлем бойынша алып қарайтын болсақ, жалпы ішкі өнім көлемінің 10 пайыздан астамы, қызмет көрсетудің 30 пайызы, әлемдік капитал айналымының 7 пайызы осы біз айтып отырған туризм саласының үлесіне тиесілі. Жер бетіндегі 8 млрд адамның шамамен 1 миллиарды жыл сайын басқа елдерге барып, қыдырып қайтады екен.
Шетелдіктерді Қазақстанға саяхаттап келуге шақыра аламыз ба? Әрине, бізде көрікті мекендер көп-ақ. Оны айтып та, жазып та тауысу, әсте мүмкін емес. Еліміздің қайталанбас сұлу табиғаты бар өңірлер мен ғасырлар қойнауынан сыр шерткен мекендерінің 25 үздік топтамасы белгілі. Бүгін солардың біреуіне ғана тоқталып өткенді жөн көрдік.
Маңғыстаудың туристік әлеуеті
Маңғыстау өңірінің туристік мүмкіндігін арттыру үшін қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Тіпті, бірегей бренд-бук жасақталып, логотип әзірленді. Бренд-букта Ақтау қаласының туристерге арналған жолкөрсеткіші, шахардың туристік картасы мен теңіз жағалауы, жағажай аумағының картасы жасақталды. Сондай-ақ буклетте өңірдің және Ақтау қаласының топ 10 көрікті жері, қызмет көрсететін мекемелері т.б. ақпараттар орналасқан. Ақтау автобус маршруттары, суретке түсетін орындар, кеме саяхаттау аялдамалары, демалыс орындарының ақпараты бар. Қазіргі таңда Ақтау қаласының әуежайында, қонақ үйлерінде ақпараттық тақтайшалар орналастыру жұмыстары басталды. Ақпараттық тақтайшаларда туристтік операторлар өздерінің тур маршруттарын ұсынады. «Visitmangystau.kz» сайты, инстаграм, фейсбук парақшалары іске қосылды. Мұнда Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының көрікті жерлері, туристерге қажетті барлық ақпарат енгізілген және жыл ішінде ақпаратпен толықтыру жалғастырылады.
Сонымен қатар қаладағы аялдамаларда аймақтың, шахардың көрікті жерлері туралы ақпараттарды орналастыру ұсынылды. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мекемесінің Ақтау-Әуежай бағытындағы жолаушылар автобусына, жаңадан келетін автобустарға безендіру ұсынылады. Ақтау-Әуежай бағытындағы жолаушылар автобусын, жағажай аумағына дейін созу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Туризм саласындағы тың идеяларды жергілікті басшылар әрқашан қолдауға дайын.
Егер қаланың тірлігінен шаршасаңыз, ерекше бір әсерге бөлінгіңіз келсе, сонымен қатар "жат ғаламшардың пейзажын" көргіңіз келсе, онда Маңғыстауға барыңыз.
Жат ғаламшар дейтініміз – Маңғыстаудың табиғаты бейне бір Марста түсірілген фотоларды көз алдыңа елестетеді. Үстірттің аласа жондары, оларды бір-бірінен бөліп жатқан ойыс-ойпаттар, сортаң топырақты даласы мен алқызыл түске боялған жоталары бәрінен ерекше көрінеді.
Маңғыстау – көне дәуірден сыр шертетін әсем өңір. Адам аяғы тимеген тау жоталары қаншама ғасыр шежіресін бауырына басып жатыр. 362 әулие жатқан киелі мекен саналады. Өңірде жерасты мешіттері, балбал тастар, ескі қорымдар мен тарихи-мәдени ескерткіштер көп кездеседі.
Мүмкіндігіңіз болса, жолыңыз түссе міндетті түрде Маңғыстауға барып қайтыңыз!
Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігі туризм саласында жоспарланған 30 инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отыр.
Оның ішінде Ақтау курорттық аймағын дамыту шеңберінде Ақтау қаласында көпфункционалды туристік кешенінің құрылысын жалғастыру бар. Сондай-ақ Маңғыстау облысындағы көпфункционалдық емдеу-сауықтыру кешеніне инвестиция тарту бар.
Фото: kazvedomosti.kz, YouTube
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через