Елімізде неге өрт сөндіруге арналған тікұшақ жетіспейді

Елімізде неге өрт сөндіруге арналған тікұшақ жетіспейді

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев өртті өшіруге арналған әуе техникасы жайында түсінік берді.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер вице-министрден өртті сөндіруге арналған әуе техникасы жайында сұрақ қойды.

«Бізде тек 33 тікұшақ бар. Соның арасында су шашып, өрт сөндіретін 16 тікұшақ жасақталған. Қалғандары іздестіру жұмыстарына, барлау жұмыстарына арналған», - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Оның айтуынша, бір мезгілде барлық тікұшақты пайдалану мүмкін болмайды. Өйткені кейбірі жоспарлы немесе регламенттік жөндеуге кіргізіледі.

«Сондықтан олардың тең жартысы жөндеуде болады. Бізде ұшақтар жоқ. Бұл әуе көлігіне ақша сұрадық, алайда қаражат қарастырылмады. Сондықтан ұшақ сатып алған жоқпыз», - деді вице-министр.

Ибрагим Күлшімбаев 4-5 күнде Абай облысындағы орман өрті толықтай өшірілуі мүмкін екенін айтты. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, 14 маусымда сағат 21:00-де әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша ТЖ вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков Абай облысындағы Семей орманы табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрттің оқшауланғанын жариялады. 

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото azh.kz.