фото: Pexels
Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
Қазақстанда коммуналдық сала қызметкерлерінің, яғни электрик, сантехник, дәнекерлеушілердің айлығы өседі.
«Коммуналдық кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 22-бабына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, бірінші – коммуналдық сала қызметкерлерінің, яғни сантехник, электрик, дәнекеушілердің жалақысын 50%-тен 100%-ке дейін көтеру. Осылайша, орташа жалақы сала мен өңірге байланысты 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыға әсер етеді», – деді Ә. Қуантыров Үкімет отырысында.
Тағы бір өзгеріс – иесіз желілерді кезең-кезеңімен беру. Осылайша, 25 мың шақырымнан астам коммуналдық желі сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке берілмек.
Қабылданған түзетулер коммуналдық кәсіпорындардың иесіз желілерді ұстауға және пайдалануға жұмсаған шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қамтылуын арттыруға және көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
«Жоғарыда атап өтілгендей, жүргізіліп жатқан тарифтік реформа тариф құрудың бүкіл процесінің ашықтығы, есептілігі және жариялылығы қағидаттарына негізделеді. Тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануды бақылау жұртшылық пен техникалық сарапшыларды тарта отырып қамтамасыз етіледі. Тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда, оған уақытша өтемдік тарифтер енгізілетін болады. Ал, табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапқа тартылады. Осылайша, коммуналдық төлемдер негізсіз көтерілген жағдайда, қаражат тұтынушыларға кейінгі шоттардағы қайта есептеу арқылы қайтарылады», – деп түсіндірді спикер.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через