Елімізде 16 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істеп жүр

Елімізде 16 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істеп жүр

     Осы айдың  мәліметі бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 16 061 шетел азаматы еңбек етеді.

     Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 603 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімше басшылары үшін 3 131 рұқсат (екінші санат).

     Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 970 және 1 021 адам.

     Сондай-ақ маусымдық жұмысқа 1 430 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 906 адам тартылды.

     Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 766 жұмыс беруші бар.

     Онда 397 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл - қызметкерлердің жалпы санының 96%.

     Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 587 адам, Түркия – 1 820 адам, Үндістан – 1 691 адам, Өзбекстан – 1 563 адам, Ұлыбритания – 1 123 адам.

     Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі.

     Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352-ден 23 560-қа дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.


      Ақпарат дереккөзі