фото: pixabay.com
Астананың бірқатар университетінде студенттерге 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының волонтерлік бағдарламасы таныстырылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Туризм және спорт министрлігі мәлім екетндей, жиындарда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшылығы волонтерлердің осы ойындарға үлес қосуға мүмкіндігі барын, еріктілер қызметінің тәжірибе жинаудағы маңызын жеткізді. Сонымен қатар волонтерлерге қойылатын талап, ереже, іріктеу кезеңдері туралы мәлімет жан-жақты түсіндірілді.
«Жастардың еріктілер жасағы – спорттық және мәдени шаралардың маңызды бөлігі. Мейманды қарсы алу, оларға жол көрсетіп, бағыт сілтеу, шетелдіктерге аудармашы болу сияқты көзге көрінбейтін істің бәрінде волонтер жүреді. Былайша айтқанда, ерікті дегеніміз өзара риясыз көмек пен патриотизмнің, қоғамға және елге пайдалы адам болудың жарқын үлгісі. Дерек үшін айтсақ, EXPO-2017 көрмесіне 7000-нан астам ерікті қатысты. Қысқы Азия ойындарында да жас өрендеріміз волонтер ретінде белсенділік танытты», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтер болуға ниет білдірушілер https://worldnomadgames.kz/ сайты арқылы «Ерікті бол» бөліміне кіріп, сауалнаманы толтыруы керек. Барлық талаптан сүрінбей өткен үміткер сұхбатқа шақырылады. Волонтер жұмысына 18 жастан асқан үміткер таңдалады.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс.
2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтсе, 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.
Енді V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл, яғни 2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через