Әлемге кең танымал қазақ әнші Димаш Құдайберген «Stranger» атты әлемдік концерт турнесінен түскен қаражаттың бір бөлігін Түркияның оңтүстік-шығысында болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге аударады, деп хабарлайды Standard.kz.
«Қазақ халқына бауырлас, ағайын ел болып саналатын Түркиядағы, Сириядағы және басқа да елдерде табиғаттың залалынан көптеген адамның қаза тапқанын естідік. Әрине, зор күйзеліспен қабылдап отырмыз. Барлық дүние салған адамдардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Ауыр халде күй кешіп жатқан бауырларымызға тезірек сауығып кетуін тілейміз», - деді қазақстандық әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жеке концертінен түскен қаражаттың бір бөлігін табиғат апатынан зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде аударатынын айтты.
«Әр отбасыға аманшылық тілеймін. Аспанымыз ашық, әлем атты ортақ үйіміз апат пен зілзаладан аман болсын. Елімізде, әлемде тыныштық болсын! Барша әлем халқы бақытты болсын!», - дейді Димаш Құдайберген.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары зілзала салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды. Борт бірінші кезекте Газиантеп қаласына барады.
Ыстамбұл қаласының тұрғындары жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін кеззекке тұрып, қан тапсырып жатыр. Апаттан кейін зардап шеккен адамдар саны әлі өсіп келеді. Түркиялықтар қиын сәтте ауызбіршілік танытып, осылайша қолдан келген қарекеттің бәрін жасап, бір-біріне демеу болып жатыр.
Фото: nur.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через