фото: https://sputnik.kz
"Денесі қышиды": Ақтау маңындағы ауыл балалары үйден шыққысы келмейді
Ақтауға жақын тұрған Басқұдық ауылының тұрғындары аммиактың иісіне тұншығып отыр.
Айтуларынша, қолқаны қабатын жағымсыз иіс түнде және таңғы уақытта қатты сезіледі. Мұндайда терезені ашу мүмкін емес.
Ең сорақысы, балалардың арасында түрлі ауру көбейіп кеткен. Аммиак иісі кейде қалаға да тарайды. Мұны экологтар да растап отыр. Мамандар ауылға барып, иістің қайдан шығатынын анықтады.
Мұнайлы ауданына қарайтын елді мекен жанында қалдық су ағатын арна бар. Қаладан шыққан кәріз сулары осы жермен өтіп, одан әрі "Қошқар ата" улы қалдықтар көліне құйылады. Тұрғындардың сөзінше, соңғы уақытта арнаға пластик құбыр жалғанған.
Зауыттардан шыққан химиялық қалдықтар да енді осында төгілетін болды. Адам тұншығатын сасық иістің шығуын содан көреміз дейді тұрғындар.
"Бұл құбыр Қазазоттікі. Оны тіпті телеарнадан да көрсеткен. Осы пластикалық құбыр арқылы аммиак қалдықтарын төгеді. Иіс денсаулығымызға зиян келтіріп жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Жалғас Оңайбаев.
"Менің 12 жастағы балам "мама далаға шықпай-ақ қояйыншы" дейді. Неге десем, денесі қышиды екен. Мұрны бітіп қалады, түшкіреді. Қолдарының барлық жері жара", - дейді Гүлсімай Боранбаева.
Кәріз сулары ағатын арнаға пластик құбыр жалғанған жеріне экологтар бұған дейін де тексеру жүргізген. Ауадан және судан алынған сынамалардың құрамынан аммиак анықталған. Айтуларынша, арна жеке кәсіпкерге тиесілі. Ақтаудағы коммуналдық мекеме мен "ҚазАзот" зауытына жалға беріп қойған. Жуырда тұрғындардың кезекті шағымынан кейін түнде келіп, сынама алады. Бұл жолы да аммиак, күкірт секілді адамға зиянды заттар көп мөлшерде анықталған.
"Жаңағы пластик құбырдың жанынан алынған су сынамаларының құрамында амони иондарының және нетриттердің шектен асқаны анықталды. Сол жерде мониторинг кезінде "Маңғыстауойлрефаник" және "Қазазот" АҚ-ның санитарлық қорғау аймағының ішін тексеру кезінде аммиак және күкірт сутегінің шектен асу фактілері анықталған болатын", - дейді облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Маңжан Ғалымов.
Ең сорақысы, Қазазот кәсіпорнының бұл арнаға су төгуге рұқсаты жоқ болып шықты. 2020 жылы каналға заңсыз жалғаған құбыр алынып, 2 млн теңгеге жуық айыппұл төлеген екен. Табиғатқа келтірген залалы үшін мемлекетке келген 14 млн теңге шығынды да өтеген. Соған қарамастан улы қалдықтарды тағы төккен зауытқа, сондай-ақ коммуналдық мекемеге өкілетті орган жоспардан тыс тексеру жүргізетін болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через