Бұқтырмада 24 адамды құтқарып қалған азаматтардың бірі оқиғаның мән-жайын айтып берді

Бұқтырмада 24 адамды құтқарып қалған азаматтардың бірі оқиғаның мән-жайын айтып берді

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасында қатты желден кеме бір жағына аударылып, 24 адам суға құлады. Абырой болғанда, мұны сол маңда скутермен жүрген 4 ер адам байқап қалып, көмекке келген. Оқиғаның қалай болғанын жігіттердің бірі ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Асқар Сайлаубаев, Даулет Сайлаубеков, Дамир Мұхамадиев пен Сұлтан Тайжанов Бұқтырма су қоймасы жағалауының бойында орналасқан демалыс базаларының біріне өткен жұма күні, яғни 15 шілдеде келген.

«17 шілде күні сағат 19:00 шамасы. Қатты жел соғып, жаңбыр құйып тұр. Скутермен келе жатқанбыз. Кенет алдымызда бір жағына аударылып жатқан кемені көрдік. Ойланатын уақыт болған жоқ, дереу көмекке ұмтылдық», - дейді Асқар Сайлаубаев.

Белгілі болғандай, бұл жолаушылар тасымалдайтын кеме «Садко» демалыс базасынан «Аюда» базасына қарай жүріп келе жатқан. Бортта 24 адам, нақты айтқанда, 21 жолаушы және 3 экипаж мүшесі болған. Жылдамдығы секундына 20 метрге жеткен желдің салдарынан кеме аударыла бастады.



Скутермен барып, бірнешеуіне жилет бердік. Көптен бөлектеніп қалған 2 адамды қайтадан сол жерге жеткізіп тастадық. Қасымдағы жігіттер суға секіріп, сонда қалды да мен скутермен кеме алып келуге кеттім.

Оның айтуынша, адамдардың көбісі әйелдер екен. Араларында 9 бала бар. Олардың ішінде жылап, үрей басқандар да кездесті. Тіпті бір мүмкіндігі шектеулі еркектің сырқаты қозып кеткен.

«Біз төртеуіміз де «Шығыс сүт» компаниясында жұмыс істейміз. Өзім директормын. Кемеміз сол маңда болған. Барынша тез айдап келдім. Адамдарды таси бастадық. Барлығы екі рейс жасадық. Мүгедектігі бар азаматқа алғашқы көмек көрсетілді. Әйтеуір, соңында түгелдей дін аман жағалауға жеткізілді», - деді 32 жастағы ер адам.