Бұдан былай тегін үй кезегіне тұру қиындайды

Бұдан былай тегін үй кезегіне тұру қиындайды
фото: Фото: inbusiness.kz

Мемлекет баспанаға мұқтаж адамдарды есепке қоюдың жаңа қағидаларын қабылдады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №168 бұйрығымен жаңартылған қағидаларды бекітті. Құжат осы жылдың  15 қаңтарында күшіне енеді.

Түсініксіз бір жайт сол, министрдің дәл осы бұйрығының мәтіні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми сайтындағы "Бұйрықтар" бөлімінде орналастырылмаған болып шықты.

Ол сондай-ақ мемлекеттік "Әділет" нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінен де табылмады.

Есесіне, осыны пайдаланып, сабыла іздеген сарапшылар мен былайғы халыққа бұйрық пен қағидалардың ресми мәтінін заңгерлік порталдар 7 мың теңгеден сатып жатыр.

Бұл құжаттар жүздеген мың адамның өміріне әсер етпек.

Жалпы, азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешудің қолжетімді тетіктерін ұсыну – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы орайда Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет бүгінде тұрғын үй саясатын реформалап жатыр.

Реформаның заңнамалық тұғыры да түзілуде. 2024 жылы ел Парламенті "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қабылдайды деп күтілуде. Оның жобасын Мәжіліс мақұлдап та қойды.

Ол нені өзгертпек?

Бұрыннан қолданылып келе жатқан ескі тәжірибе бойынша әрбір әкімдік өз ауыл, қала, аудан, облыс, мегаполис аумағындағы баспанаға зәру адамдардың тізімін бір-бірінен тәуелсіз, жеке-жеке жүргізеді. Себебі, заң бойынша тұрғын үйді есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Салдарынан, саланы былық жайлады. Мысалы, кейбір адамдар бармақ басты, көз қысты жолмен әр өңірде үй кезегіне тұрып алған, әр жерден пәтер мен жеке тұрғын үй де алған.

Енді мұның бәрі орталықтандырылған түрде, бір жерден жүргізілмек, бір жерден үйлестірілмек. Осыған байланысты, жаңа жүйе толыққанды іске қосылғаннан кейін баспананы қажет ететін азаматтарды әкімдіктердің базасында есепке қою тоқтатылады. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, Астанада "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан, бүкіл 20 өңірдегі тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар кезекке тұра алатын болады.

Бірақ бұл орталық тек кезекті жүргізеді, үй салмайды. Сол себепті халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті жергілікті әкімдердің құзыретінде қалады. Олар бұл міндетін тұрғын үй салу және құрылыс компанияларынан сатып алу арқылы жүзеге асыруға тиісті.

Бірден ескертетін жайт, азаматтардың әкімдіктердегі үй кезегі өзгереді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттарға түсіндіргендей, қай адамның құжаты бұрын тіркелсе, соның кезектегі орны да жоғары болады.

Сондай-ақ кезекке тұрғысы келетіндердің отбасы мүшелері атына тіркелген пәтердің бар-жоқтығы қатаң тексеріледі. Тек мүлдем баспанасыздар ғана кезекке тұра алады.

"Әрбір өтінім иесінің кірістері, мүліктері мен өзге активтері анықталады, соның негізінде отбасының цифрлық портреті жасалады. Бұл азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық базаға айналады. Осы орталықты құру "бір терезе" қағидатын пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни, адамдарға баспанаға мұқтаждығын растау, кезекке тұру және басқасы үшін бірнеше инстанцияға жүгінудің қажеті болмайды. Жаңа модельге сәйкес баспананы бөлу – азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Тұрғын үйді есепке тұрған күніне қарай бөлу барлық мұқтаж азаматтарды әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді", – деді министр.

Сонымен қатар жаңа модель аясында табыс деңгейіне байланысты азаматтардың жалдау ақысын субсидиялау, арендалық тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотека түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Министр бұдан былай тегін үй кезегіне тұру күрделі болатынын жасырмады. Біріншіден, әлгінде айтылғандай, азаматтардан меншігінде ешқандай баспана, тіпті үлесінің болмауы талап етіледі.

Екіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет деген талап бар. Салдарынан, мемлекеттен алған үйін сатып жіберіп, бес жылдан соң қайта кезекке тұру сияқты теріс құбылыс бой көрсеткен. Сондықтан кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзім 10 жылға дейін ұлғайтылмақ. Министр ашықтықты қамтамасыз ету үшін баспанаға мұқтаж жандардың жалпыреспубликалық бірыңғай тізімі интернетте ресми жарияланатынын мәлім етті.

Ол тізім тоқсан сайын 1 рет қайта қаралып, инвентаризация жүргізіледі. Осы кезеңде ғайыптан-тайып, соның ішінде қайырымдылық қорлары немесе меценаттар көмегімен баспанаға қол жеткізгендер табылса немесе күтуден шаршап, өзге елдерге көшсе, ол отбасы тізімнен шығарылады.

"Қазіргі кезде біздің министрлік Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, кезекте тұрған азаматтардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеріп, талдау жасады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 646 мың кезекте тұр. Соның ішінен 232 мыңы кезектен шығарылатын болады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың осы жұмысты тиімсіз жүргізгенін көрсетеді. Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатыр. 2023 жылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21 мың 607 кезекте тұрған адам кезектен алып тасталды", – деді министр Қанат Шарлапаев.

Ал оның 27 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген, келесі дүйсенбіде күшіне енетін Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан азаматтарын есепке қою қағидаларына сәйкес, үй кезегіне тіркеу жалғасады.

Бұл үшін "Электронды Үкімет" порталы арқылы өтініш бағыттап, оған тиісті құжаттарды қоса тіркеу қажет.

Қағидаларда мемлекеттік қызметшілер, ҰОС ардагерлері, әскерилер, арнайы органдар қызметкерлері, депутаттар мен сайланған әкімдер, үйлері апатты деп танылғандар (тиісті қорытындылар талап етіледі), құрамында бірқатар созылмалы дерттердің ауыр түрлеріне душар болған науқас адам бар отбасылар, көп балалы аналар, халықтың әлеуметтік осал қабаттары және басқалары баспана кезегіне тұра алатыны көрсетілген.

Жаңарған қағидалар бойынша аталған санаттағы азаматтардың тіркеуге тұрудың қарсаңындағы, соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 есе мөлшерінен аз болуға тиіс. 2024 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеге тең.

Бұл талаптан тек мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскерилер, ғарышкерлер мен соған үміткерлер, мүгедектігі бар отбасылар, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар, арнайы органдар қызметкерлері, депутаттар босатылады. Олардың табысы әр отбасы мүшесіне шаққанда 3,1 еселік коэффициенттен асып түссе де, жарай береді екен.

Құрылыс министрлігінің дерегінше, кезекте тұрғандарды қолжетімді әлеуметтік тұрғын үймен қамту аясында 2023 жылы 10,9 мың жалдамалы пәтер сатып алуға 104 миллиард теңгеден астам жұмсалды. Сондай-ақ несиеге берілетін 12,5 мың тұрғын үй салуға және сатуға 158 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.

ҚазАқпарат