фото: sputnik.kz
Тестілеу орталығы 2023 жылғы 31 қазанға дейін барлық бейнежазбаға талдау жасайды.
Биылғы ҰБТ кезінде ереже бұзған 312 талапкер аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Бұл туралы ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді."ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және де басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды. Кейбір тест тапсырушылардан жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды", - деді Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол биыл да ҰБТ кезінде "бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші" қағидаты сақталғанын атап өтті. Тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы камера да орнатылған.
"Фронталды камераның ең басты негізгі мақсаты – жеке тұлғаны сәйкестендіру. Осы қолданылған шаралардың арқасында бөгде адамдардың кіруін болдырмау мүмкіндігіне ие болдық. Биыл ҰБТ-да бірде-бір бөгде тұлға анықталған жоқ", - деді орталық директоры.
Емелбаев барлық бейнежазбаға 2023 жылғы 31 қазанға дейін талдау жасалатынын айтты. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, білім грантын иеленген талапкер грантынан айырылады. Бұл норма алғаш рет 2020 жылы қолданылған болатын. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 талапкердің, 2021 жылы – 52, 2022 жылы 217 тестіленушінің нәтижесі жойылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через