Биыл Алматыда 7 балдан асатын жер сілкінісі болмайды - сейсмолог

Биыл Алматыда 7 балдан асатын жер сілкінісі болмайды - сейсмолог

Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжам айтты. 

Нұрсәрсен Өзбеков Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтарды атады.

«Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін сейсмикалық қауіпті аймақтар бар, ол жерде дүмпулер 7-9 балға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе Алматы өңірі Орталық Азиядағы қауіпті аймақтардың бірі. Бұрын бұл жерде жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған: 1887 жылы Верный жер сілкінісі және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісі», - дейді сейсмолог.

Қазақстандық сейсмолог ғалымдар ел аумағындағы сейсмикалық қауіп бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, сейсмикалық жағдайды көрсете отырып, қауіпті, сейсмогендік аймақтар бөлінген жалпы сейсмикалық аудандастыру, аймақтарға бөлу карталарын әзірлеп жатыр. Мысалы Алматы үшін микрозондтау сейсмокартасы дайындалды.

«Жалпы кейінгі бес жылда Қазақстанда сейсмикалық құрылғыларда 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген. Атап айтар болсам, 2018 жылы - 8500, 2019 жылы - 7800, 2020 жылы - 9500, 2021 жылы - 6700, 2022 жылы - 6900 жер сілкінісі болды. Бұл сейсмикалық фон, геологиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни бұл жалпы қатты байқалмайтын жер сілкіністері»,- дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Ғалымның сөзінше, сейсмикалық жағдайға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отырады. Орта және қысқа мерзімді болжам деп екі бөлінеді. Орта мерзімді есеп жылына екі рет жасалады.

«Бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Қорытындыға сәйкес, 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-іздестіру тұрғысынан 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде жасалатын апталық қысқа мерзімді қорытынды дайындады. Соған сәйкес, алдағы аптада жер сілкінбейді, - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Дереккөз қазАқпарат. Фото: Twitter›total_kz