Binance-тың бас директоры қызметінен кетті

Binance-тың бас директоры қызметінен кетті
фото: Фото: binance.com

Binance криптовалюта биржасының бас директоры Чанпэн Чжао қызметінен кетті. Оның орнына аймақтық базарлардың бұрынғы басшысы Ричард Тенг келді. 

«Бүгін Binance-тың бас директоры қызметінен кеттім... Мен біраз қателіктер жібердім және жауапкершілікті өз мойныма алуым керек. Бұл қауымдастық үшін және өзім үшін ең дұрыс қадам», – деді Чжао X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ол компанияға «қажет болған жағдайда» кеңес беруге дайын екенін атап өтті.

21 қарашада The Wall Street Journal журналы Чанпэн Чжаоның отставкаға кететінін хабарлаған болатын.

Бұған дейін АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы Binance пен Чжаоның өзіне қатысты сотқа шағым түсірген болатын.

Криптовалюта басшылығына бірқатар айып тағылды, оның ішінде бағалы қағаздармен операциялар кезінде тиісті тіркеулер жасамай келді, инвесторларды қадағалау механизмдеріне қатысты жаңылыстырды деген айыптаулар бар.

Binance криптовалюта биржасы цифрлық активтердің сауда-саттығы бойынша әлемдегі жетекші жүйе. Оны 2017 жылы қытайлық Чанпэн Чжао құрды. 2021 жылы Қытай билігі Binance веб-сайты мен мобильдік қосымшасын бұғаттады, бұл ел үкіметінің криптовалюталық транзакция қызметтерін ұсынумен күресудегі тағы бір қадамы болды.

ҚазАқпарат