Білім саласына эксперимент керек

Білім саласына эксперимент керек

Әлемнің озық елдері білім мен тәрбие жұмысын дамыту бойынша түрлі реформа жүргізіп жатыр. Біз де осы жаңалықтарды қолдап отыруымыз керек. Сонда ғана жұмысымыз алға басады. Жалпы қоғам дамуында білім беру саласындағы тың жаңалықтар түрлі мақсатты  көздеп, әрқалай  тәсілдермен енгізіледі. Әр елдің реформалары біздің білім беру жүйемізге де тың серпін беруі тиіс.  Дамыған елдердің сапалы, бірегей білім беру жүйесі мен білім беру деңгейі бар.

Ал білім беру деңгейі дегеніміз экономикалық және ғылыми - техникалық прогрестің көзі, мемлекет пен қоғам дамуының кепілі. Білім беру саласында кенжелеп қалу еліміздің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлтымыздың болашағына кері әсер етері хақ. Сол үшін не істеуіміз керек? Әрине, білім беру сапасын арттыруымыз қажет. Қай зерттеулерге қарасақ та, еліміздің оқушылары дүниежүзілік TIMSS - 2007, PIZA - 2009, 2012 сараптамаларында ең төменгі нәтижені көрсеткен. Ал ҰБТ қорытындысына келсек, түлектердің 52 пайызының білімі қанағаттанарлықсыз деңгейде. Сондықтан жаңалықтар мен өзгерістерге мән беріп, білім беру реформалары нәтижелі болу үшін эксперимент қажет. Дамыған елдердің барлығында реформа тек эксперимент арқылы жүзеге асады.

Оқушылары тұрақты түрде ең жоғары нәтиже көрсетіп отырған Финляндия, Қытай, Жапония, Германия, Сингапур секілді елдерде білім беру ісі дамыған. Мысалы Жапон елінің білім беру жүйесі әлемде алғашқылардың қатарында. Күншығыс елі 12 - жылдық орта білім беру жүйесіне жарты ғасыр бұрын көшкен. Мектепте оқу аптасы бес күн. Оқушылардың мектепте өзін жақсы сезінуіне толық жағдай жасалған, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету, білім жүйесін ақпараттандыру, жоғары біліммен қамту секілді шешуші мәселелер бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінгі жапон мектебі әр балаға ең алдымен елдің ұлттық рухын дәріптейді, екіншіден, адамгершіліктің тиісті нормаларын қалыптастырады, үшіншіден, ұлттық мінез - құлық белгілерін сіңіреді. Міне үш мақсатты іске асыру үшін жапон мектептерінің оқу жоспарында әртүрлі гуманитарлық пәндерді оқытуға көбірек көңіл бөлінеді. Нәтижесінде, оқушының еркін сөйлеу, шапшаң ойлау, шығармашылық білім, білік, дағдылары дамиды.



Мұндай қатынастан кейін оқушының өзіндік пікірі қалыптасып, өзін қоғамның айналасында болып жатқан оқиғаларға деген өзіндік көзқарасы мен жүйелі ойлау қабілеті дамиды. Күншығыс елінде білім саласын қаржыландыру бізге қарағанда 20 есе артық. Онда 9 жылдық білім беру ақысыз жүзеге асырылады. Ал қалған 3 жылда кәсіпке бейімделеді. Бастауыш мектеп 6 жыл, қалған 3 жылда негізгі мектептің білімі беріледі.

12 жылдықты бітірген оқушы белгілі бір кәсіп иесі атанады. Бір қалашықта тұрса да балалардың бір мектепке баруы сирек кездеседі. Өйткені әркім өз бейіміне қарай әртүрлі мектепте оқиды. Мұның тиімділігі оқушы өз мүмкіндігін дамыта отырып, белгілі бір кәсіпті жете меңгеру арқылы жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады. Олар баланы «терең ойлан, өздігіңнен шешім қабылда, қиындық тудыратын нәрселердің оңай жолын тап, әдемілікті түсін, түр сипатыңнан гөрі жаның сұлу болсын, деннің саулығы болсын, өте төзімді, шыдамды, күшті бол» деп, қарапайым ұстанымдар арқылы тәрбиелейді. Жапондықтар осы ұстанымдарды оқу үрдісінде тұрақты пайдаланып, жүзеге асырады. Бұл әлемдік нанотехнологияның ең үздік үлгілерін жасап шығарып жатқан жапондықтардың білім деңгейінен анық аңғарылады.

Фото: 123ru.netpsy-files.ruwww.nios.ru