Есту қабілетін қайта оятқан технология: гендік терапия саңыраулыққа қарсы серпіліс жасады

Есту қабілетін қайта оятқан технология: гендік терапия саңыраулыққа қарсы серпіліс жасады

фото: https://ru.freepik.com

       Қытай мен АҚШ ғалымдары туа біткен саңыраулықты емдеуде үлкен жетістікке қол жеткізді. Олар OTOF генінің зақымдануынан туындайтын есту қабілетінің жоғалуына қарсы әзірленген гендік терапияны сәтті сынақтан өткізді. Бұл туралы АҚШ-тағы Massachusetts Eye and Ear (MEE) мекемесінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

       Жаңа терапия клиникалық сынақ барысында қатысушылардың 90 пайызында есту қабілетін қалпына келтіріп, оның әсері 2,5 жылдан астам уақыт сақталған. Зерттеуге Қытайдың әртүрлі өңірлерінен жасы бірнеше айлық сәбиден 32 жасқа дейінгі 42 адам қатысқан.

       Жобаның жетекшілерінің бірі, Fudan University профессоры Шу Илайдың айтуынша, бұл нәтиже гендік терапияны тек ірі ғылыми орталықтарда ғана емес, қарапайым ауруханаларда да қолдануға мүмкіндік беретінін көрсетті. Бұл өз кезегінде емнің қолжетімділігін арттыра түспек.

       Ғалымдар терапияны AAV9 аденоассоциацияланған вирусының негізінде әзірлеген. Арнайы өзгертілген вирус бөлшектері ішкі құлақ жасушаларына еніп, OTOF генінің сау нұсқасын жеткізеді. Бұл ген дыбыс тербелістерін электр сигналдарына айналдыратын маңызды ақуыздардың түзілуіне жауап береді. Сондықтан оның бұзылуы толық саңыраулыққа әкелуі мүмкін.

       Бақылау нәтижелері ем енгізілгеннен кейін бірнеше апта ішінде-ақ айтарлықтай оң өзгерістер байқалғанын көрсетті. Әсіресе, ересек қатысушылардың 66 пайызында есту қабілеті жақсарған. Сонымен қатар, зерттеу барысында өмірге қауіпті жанама әсерлер тіркелмеген.

       Айта кетейік, бұған дейін де ғалымдар жануарларға және шағын топтағы еріктілерге жүргізілген тәжірибелер арқылы бұл әдістің тиімділігін дәлелдеген болатын. Ал соңғы зерттеу — оның кең көлемде қолдануға дайын екенін айғақтайды.

       Жалпы, бұл жаңалық гендік медицинаның мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді. Болашақта мұндай технологиялар туа біткен ауруларды емдеуде жаңа стандартқа айналуы әбден мүмкін.

       https://kaz.inform.kz/

Жазылу