Биіктен емес, бір алладан қорғамын. Альпинист.

Биіктен емес, бір алладан қорғамын. Альпинист.

Бүгін таңертең 6-шы қабатта орналасқан жұмыс орныма кірген бойда терезеге жабысып тұрған жігітті көрдім. Басында түсінбей қалдым. «Бұл жігіт мұнда не істеп жүр, терезе арқылы ішке енгісі келе ме?» деп ойладым. Сөйтсем, ол терзе әйнегін жуатын альпинист екен. Расын айту керек, қаңтар қырғынынан кейін кез келген әрекетке қауіппен қарайтын болғанбыз. Журналист емеспіз бе, дереу диктофонымды қосып, батыр жігіттен сұхбат алдым.

 - Атым Бағдаулет Жаңғазиев, жасым 28. Шымкент қаласында туып өстім. Алматыға келгеніме 8 жыл болды. Бұл кәсіппен айналысқаныма 7 жыл болды. Өндірістік альпинист мамандығын маған  Мұхамеджанов Нұрлыхан деген досым үйретті.  

Биікте жұмыс істеу қауіпті емес пе?

Кез келген кәсіптің өзінің ерекшелігі, қиындығы болады. Ал өндірістік альпинизммен айналысатын біз секілді мамандар өліммен күнде бетпе-бет келеді. Сақтық шараларын мұқият орындамасаң, өмірің кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан жұмысымыз қауіпсіздік шараларын сақтауды және өте жауапкершілікті талап етеді. Арқан – сақтық шараларына қажет басты құрал. Сол арқанды дұрыс бекіте білудің маңызы зор. Бірнеше арқанды қатар пайдаланамыз. Егер абайсызда біреуі үзіліп кетсе, екіншісі сақтайды.  Тек бір тоқталған жеріңді тиянықты әрі дұрыс жөндеу керек. Себебі, ол жерге қайта оралу қиын. Мойындауым керек, өзіммен бірге жұмыс істеп жүрген талай жігіт өндіріс барысында биіктен құлап, көз жұмды. Көз алдымызда жан тапсырған альпинистер да болды. Қайғылы жағдадың алдын алу үшін желдің бағытын, ауа райын жіті бақылап отырамыз. Кішкене желдің өзі үлкен қатерге ұрындыруы мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына бір жарым метрге жетсе, жұмыс тоқтайды. Жаңбыр жауса да, жұмыс істей алмаймыз.

«Бұл жұмысты тастауым керек шығар» деп ойлаған сәттеріңіз болды ма?

Түрлі ой келеді. Бірақ үйренген кәсібім, осы жұмыс арқылы нан тауып, отбасымды асырап отырмын. Басқа қайда барып орналасамын. Екі балам бар. Келіншегімнің аяғы ауыр. Құдай қаласа, жақында үш бүлдіршіннің әкесі атанып қаламын деп күтіп жүрмін.

Балаларыңыздыі өскенде кім болғанын қалайсыз?

Медицина мамандығын таңдаса екен деймін. Науқастарды емдейтін дәрігер, жедел медициналық қызмет стансасында істейтін маман болса  деп армандаймын. Өзгеге қолғабысыңды тигізгенге не жетсін! Дәрігер атанып,  жұртты емдеп алғысқа бөленсең, ол да бір бақыт емес пе? Өзім дәрігер бола алмадым. Сол арманымды балаларым орындайтын шығар деп үміттенемін.

 Туыстарың, әке-шешің бұл кәсіпті таста демей ме?

Талай рет айтты, әлі де айтып келеді. Бірақ бас тартпадым.  Жалақым жақсы. Бастысы жоғарыда  жүргенде, биікке көтерілгенде қорықпау керек, үрейге бой алдырмау керек. Өндірістік альпинизм саласы мамандарының табысы мол. Өйткені бұл жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Табысына қызығып келетін жастар бар. Бірақ олар биікке шығудан қорқады.

Ең биік қандай ғимаратты бағындырдыңыз?

Алғаш кіріскенімде 13-ші қабаттан түскенмін. Ең биікке көтерілгенім Алматыдағы «Нұрлы тау» ықшам ауданындағы шыныдан жасалған 25 қабатты ғимарат. Алдағы уақытта одан да биік ғимараттарды бағындырамын деп ойлаймын. Биіктен еш қорықпайпын. Кез келген ғимаратта жұмыс істей беремін. Біреулер керісінше биіктен қашады. Біз тек жерден қорқамыз.

Шетел киноларында, телебағдарламаларында альпинистер тым биік ғимараттардың терезелерін жуып  жатады. Сіздің де сондай жерде жұмыс істегіңіз келе ме?

Әрине, ақшасын төлесе, кез келген жерде істеуге дайынмын. Бойымда күш-қайратымда бар кезде еш нәрседен тартынбаймын.  

 Мұндай кәсіпті игерген қазақ балалары сирек. Досыңыздың арқасында альпинист атаныпсыз. Өзіңіз бауырларыңызды осы жұмысқа тарттыңыз ба?

Иә, өзімнен кейінгі інілерім менімен бірге жұмыс істейді. Оларға өзім де үйреттім. Інілеріме Алматы қаласы ұнап қалды. Өйткені биіктіктен Алматының қандай әдемі қала екенін көресіз. Мен де, бауырларым да сол әдемілікке қараған сайын өз жұмысымыздан ләззәт аламыз.

Өткенде Астанада өзіңізсекілді жігіт қаршадай қыздың өмірін сақтап қалды. Сіздің қолыңыздан сондай ерлік келер ме еді?

 Егер сол сәтте сол жерде болғанымда, ойланбастан бүлдіршінді құтқарып қалушы едім. Қолымнан келгенін істер едім. Тек биіктен қорықпайтыным анық.

Жұмыс барысында неше түрлі жағдайлар болып тұратын шығар?

Кеңселердің терезесін жуғанда не жөндегенде ғимарат ішінде отырған қыз-келіншектер шошып кетеді. Тіпті ер жігіттердің өзі қорқып қалады. Көбіне ғимарат жуатын кезде ішіндегі адамдарға ескерту жасалмайды. Сыртынан жабысып тұрған бізді көріп, таң қалады. Түскі асты арқанда салбырап тұрып, ішетін кезіміз де болады. Өйткені кейде тапсырыс беруші қысқа мерзімде жұмысты аяқтауды талап етсе, төменге түсуге уақыт қалмайды. Негізі жұмысымыз қиын. Барлық уақытта тегіс,  ыңғайлы қабырғалар  кездесе бермейді. Мысалы, мынау сіз отырған ғимараттың терезесін жуу қиын. Себебі бетон кедергілері көп. Бұл ғимараттың терезелерін осымен 4-ші рет жуып жатырмын. Бұған дейін біздің фирма осы істі атқарған еді. Биыл қаңтар оқиғасынан кейін терезелер ыстан, түтіннен қарайған. Сол бір ызғарлы  қаңтардан қалған белгі секілді. Кірді жуып кетіреміз, тек адамдардың көңілі кіршіксіз болса екен. Қаңтар оқиғасы қайталанбаса екен.

Қыстың күні  терезе жумайсыздар. Сол уақытта немен айналысасыздар?

Жұмыс табылады. Біреудің шатырына су кетеді, соны жөндейміз, шатырлардағы қарды тазалаймыз. Ғимараттың сыртына жылуды ұстап қалатын құрылыс материалдарын, желдеткіш орнатамыз. Әйтеуір, жұмыссыз, қол қусырып отырмаймыз. Жұмыс табылады. Терезелерді ауыстырамыз, жалпы жоғарыда істелетін жұмыстың бәрін атқара береміз.

 Биіктен қорықпайды екенсіз.  Неден қорқасыз?

Бір алладан қорғамын. Басқасы қорқынышты емес.