Баспана кезегінде тұрғандарға 10 мыңнан астам пәтер сатып алынады

Баспана кезегінде тұрғандарға 10 мыңнан астам пәтер сатып алынады
фото: sputnik.kz

Қазақстанда жалдамалы пәтердің ақысын субсидиялау жүйесі айтарлықтай нәтиже бермеді. Сол себепті бюджет қаржысының бір бөлігіне дайын баспаналар сатып алуға шешім қабылданды. Биыл 10 мыңнан астам пәтер баспана кезегінде тұрған адамдарға жалға беріледі.

Субсидиялау жүйесі ойдағыдай іске аспады

Тура бір жыл бұрын елімізде жалдамалы үйдің ақысын субсидиялау жүйесі іске қосылған болатын. Оған сәйкес, баспана кезегінде тұрған және төрт санатқа кіретін адамдар жалдаған пәтер ақысының жартысын мемлекет өтеді. Осылайша I-II мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жетімдер мен көпбалалы отбасылар тағы бір жеңілдікке ие болды.

Алайда бұл механизм ойдағыдай іске аспады. Оның бір себебі – табысқа қойылған шектеу. Талап бойынша жалдау ақысын субсидиялауға үміткер адамның табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2022 жылғыы ең төменгі күнкөріс деңгейі - 36 018 теңге) аспауы шарт. Сосын соңғы алты айдың табысы ескеріледі. Демек төрт адамнан тұратын отбасының бір айлық кірісі 144 072 теңгеден артық болмауға тиіс. Дәл осы шектеуден көбісі өте алмады. Өтініш те көп түскен жоқ. Ал бюджет қаржысы игерілмей қалды. Сол себепті биыл субсидияға арналған қаражаттың бір бөлігіне дайын пәтерлерді сатып алуға шешім қабылданды.

10 мыңнан астам пәтер сатып алынады

Биыл тұрмысы төмен азаматтар үшін 10 703 дайын пәтерді сатып алу жоспарланып отыр. Оған барлығы 102,7 миллиард теңге жұмсалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 40 миллиард теңге республикалық бюджеттен алынса, 62,7 миллиард теңге ұлттық қордан аударылады. Бүгінде әрбір өңірдің жалдамалы пәтерлерді сатып алу жоспары бар.

Астана қаласы – 1 600 пәтер;

Алматы – 2 000 пәтер;

Шымкент – 505 пәтер;

Абай облысы – 576 пәтер;

Ақмола облысы – 263 пәтер;

Ақтөбе облысы – 360 пәтер;

Алматы облысы – 280 пәтер;

Атырау облысы – 226 пәтер;

Шығыс Қазақстан облысы – 316 пәтер;

Жамбыл облысы – 797 пәтер;

Жетісу облысы – 208 пәтер;

Батыс Қазақстан облысы – 178 пәтер;

Қарағанды облысы – 346 пәтер;

Қостанай облысы – 183 пәтер;

Қызылорда облысы – 1 000 пәтер;

Маңғыстау облысы – 300 пәтер;

Павлодар облысы – 591 пәтер;

Солтүстік Қазақстан облысы – 153 пәтер;

Түркістан облысы – 717 пәтер;

Ұлытау облысы – 104 пәтер.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас маманы Інжу-Маржан Төкенованың айтуынша, дайын жалдамалы пәтерлер сатып алынса да, жалға алу ақысын субсидиялау жүйесі тоқтатылмайды.

"Субсидиялау жүйесі қалады, бірақ ақшасы аздау (шамамен, 3 миллиард теңге). Басқа қаржыны дайын пәтерлерді сатып алуға бағыттадық. Оның барлығы баспана кезегінде тұрған азаматтарға жалға беріледі", - деді Төкенова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Үйді жалға алу ақысы қандай?

Бүгінгі жоспарға сәйкес, бір пәтерді сатып алуға шамамен 9,6 миллион теңге жұмсалады. Ал үйдің ауданы 60 шаршы метр болады. Жалға алу ақысы шаршы метрге есептеледі. Қазіргі жоспар – 160 теңге. Сонда 60 шаршы метрлік пәтерге ай сайын 9 600 теңге төленеді.

Биыл Астана мен Алматыда жалдамалы пәтерлер бірінші нарықтағы үйлерден сатып алынады. Қалған облыстарға бірінші және екінші нарықтан сатып алуға рұқсат беріледі.

Қазақпарат

Фото:sputnik.kz