"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялау қағидалары әзірленіп, бекітілді.
Бұл жайында мәдениет және спорт министрлігі мәлім етті.
Қағидалар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.
Субсидия отбасылық авиатасымалдауды қолжетімді етеді, ішкі туризмді дамыту үшін қосымша ынталандыру болады.
Аталған шара:
1) ерікті;
2) Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты бар, азаматтығы жоқ тұлға саналатын 17 жасты қоса алғанға дейінгі кәмелетке толмаған жолаушыға қолжетімді;
3) кәмелетке толмаған жолаушының ата-анасымен немесе жақын туысымен ұшуы кезінде қолданылады;
4) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына қолданылады;
5) ішкі туризм саласындағы туроператорға өткізілген туристік өнімге енгізілген балалар авиабилеттерінің құнын төлеу арқылы жүзеге асырылады.
Балалар авиабилеттерін субсидиялау операторы- Kazakh Tourism ҰК АҚ.
Балалардың авиамен тегін ұшуы үшін туристер туристік өнімді сатып алу мақсатында ішкі туризм саласындағы туроператорға жүгінуі және Қазақстан Республикасының барлық аумағында жоспарланған демалыс жасауы қажет.
Тегін авиатасымалдау ішкі туризм саласындағы туроператордың қаражаты есебінен жүргізіледі.
Туристік өнімді өткізгеннен кейін, балалар авибилеттеріне жұмсалған соманы қайтару үшін ішкі туризм саласындағы туроператор Kazakh Tourism ҰК АҚ-ға өтініммен және қажетті құжаттармен жүгінеді.
Мысалы:
2 ересек және 2 кәмелетке толмаған баладан (10 және 12 жас) тұратын отбасы Маңғыстауда демалыс өткізуді жоспарлады. Отбасы ішкі туризм саласындағы туроператордан 500 мың теңге тұратын турөнімді, оның ішінде барлық отбасы мүшелері үшін екі жаққа ұшуды сатып алды.
Ішкі туризм саласындағы туроператор балаларға арналған тегін авиатасымалды ұсынады. Барлығы турөнім үшін төленетін сома 400 мың теңгені құрады (100 мың теңге балалар авиабилеттерінің құнынан шегерілді).
stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через