фото: ortalyq.kz
Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле "Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ" дегенді сұрайды. Сонда. әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:
- Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді. Әлібек би:
- Бұдан не түсіндің, балам? - дейді.
Сонда. Төле бала:
- Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. "Саяқ жүрген таяқ жейді" демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
- Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. "Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын" дегенінің мәнісі осы, - депті.
ХХХ
Елдің Қазығұрт тауының бөктеріне көшіп-қонып жатқан көктеу кезі екен. Бір күні Төленің әкесі Әлібек биге екі даугер жүгініске келіпті. Біреуі:
- Қырдан қуып індеткен түлкіме мынау таласып бермейді. Екіншісі:
- Сыртынан жүні жетілсін деп бағып жүрген түлкім еді, оның үстіне жер де, ін де менікі, демек түлкі де менікі.
Екеуі осылайша біраз дауласады. Әлібек би даугерлердің сөздерін тыңдап болған соң, баласына сілтеп, мұның билігін Төле берсін дейді. Даугерлер Төлеге келсе, ол бір шыбықты ат қылып далада "айт, шулеп" ойнап жүр екен. Алдына келіп дауларын баяндаған соң бала:
- Түлкі арлан болса, сенікі, - дейді, "қырдан қуып келіп індеттім" деген жігітке.
- Ұрғашы болса сенікі, - дейді "жер менікі" деген жігітке. Баланың бұл билігіне түсінбей әлгілер әкесіне қайтып келеді.
- Балаңыздың сөзіне түсінбедік...
- Тәлежан төресін дұрыс берген екен, - дейді Әлібек би. - Түлкінің ұланын тұз сақтайды, ұрғашысын ін сақтайды. Түлкі еркек болса, сенікі, сенің қырдан куып келіп індеткенің рас, түлкі саған тиеді, ал ұрғашы болса, жер иесі саған тиеді.
ХХХ
Омаш ағашын өгізіне сүйретіп иен далаға шыкқан диқан Төлеге кездесе кетеді. Биден ол тары қандай жерге егілсе мол түсімді болатынын сұрайды. Ана жерге деп би алдындағы кұмдық жерді қамшы сабымен нұқып көрсетеді. Шаруа сол жерге тары тұқымын егеді. Орақ кезінде диқан мол түсімге қарық болып қалады. Қырманы тарыға үйдей боп үйіліп жатқан диқанға Төле келеді. - Құдайдың күні көп пе, әлде менің тарым көп пе? - дейді жалғыз өгізді шаруа дәулетіне мәз болып. - Әрине, сенің тарың көп, - депті сонда Төле. - Тарыны осы жерге егілгенде түсімді болатынын қайдан білдіңіз? - Тары өз жаулары: құрт-құмырысқасы, тышқаны, торғайы көп жерге жақсы шығады - депті Төле би.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через