Ата заңымызға 56 өзгеріс енгізіледі

Ата заңымызға 56 өзгеріс енгізіледі

Референдум арқылы Конституцияға барлығы 56 өзгеріс енгізілгелі отыр.

«Егер оның әрқайсысын жеке сауал ретінде қарастырсақ, әр азаматқа жеке 56 бюллетень керек. Яғни әр азамат 56 бюллетенді оқып, бөлек-бөлек дауыс беруіне тура келеді. Бюллетенде 1 ғана сауал болудың себебі Конституцияға енгізілетін өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысты және ұқсас. Егер азамат бір өзгеріске қарсы шықса, ол екінші өзгеріске әсерін тигізеді. Ал енгізілмек өзгерістер бір-бірімен ұштасып жатыр.  Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында осылай мәлімдеді.

Сондай-ақ вице-министр қазақстандықтарды референдумға белсенді қатысып, ел тағдыры үшін маңызды шешімді бірге қабылдауға шақырды.

«Әрине, әр азаматтың өзгерістермен келісуі немесе оған қарсы шығуы өз таңдауында. Ең бастысы, шешімді ой сүзгісінен өткізіп барып қабылдаған жөн. Біз демократиялы елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан таңдау еркі болуы қажет», - дейді вице-министр.

Бұған дейін Алма Мұқанова референдумға қатысатын қазақстандықтардың тізімі жасақталып жатқанын айтты.

Егер референдумда 17 өңірдің 11-індегі халық жақтап дауыс берсе Конституцияға өзгеріс енгізіледі.

Фото: phonoteka.org