Астанада биыл бір миллион ағаш отырғызылады

Астанада биыл бір миллион ағаш отырғызылады
фото: sputnik.kz

Биыл елордада миллион жасыл желек (ағаш, бұта, көшет) отырғызу жоспарланып отыр.

Оның 500 мыңы қалада, қалғаны Астананың жасыл белдеуіне отырғызылады. Жапырақты ағаштарға басымдық беріледі, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Абылай хан даңғылы, Қажымұқан, Петров, Болекпаев, А-105, Балталы, Алаш тас жолы және т.б. көшелердің бойында ағаштар отырғызылды.

"Қаланы жаппай көгалдандыру экологияны жақсартуға, қала тұрғындары үшін демалыс орындарын ашуға, елорданың климаттық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда Астанада 2,6 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды", - деп мәлімдеді әкімдік.

Сонымен қатар "Жасыл Астана" экологиялық айлығы аясында еңбек ұжымдарының, қала тұрғындарының күшімен полигонға 555 тоннадан астам қалдық шығарылды. Саябақтар мен скверлерде жалпы ауданы 2,5 млн шаршы метрден астам аумақ жиналды.

Қазақпарат