Елордадағы алты мектепке ұлы тұлғалардың есімі берілді.
№1 мектеп-лицейге Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімі берілді. Ол небәрі 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған. Соғыстан кейінгі жылдары да отандық әскери-әуе күштерінде түрлі басшылық лауазымдарда абыроймен қызмет етті.
№70 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі берілді. Ол Халық ағарту комиссары болып, ұлттық мәдениетімізді жаңғыртуға, жастардың білім алуына көп жағдай жасады. Қазақ жерінің шекарасын белгілеу ісіне белсене араласып, ел мүддесі жолында көп қызмет етті.
№92 мектеп-лицейге геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ақжан Әл-Машанидің аты берілді. Ол геология, минералогия ғылымдарымен шұғылданумен қатар, ұлы ұстаз, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиді зерттеп, көп ғылыми дерек қалдырға.
№65 мектеп-гимназияға Алаш қозғалысының белді мүшесі, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Ол – өзінің отты жырларымен және нақты істерімен халықтың рухын оятуға, азаттық жолындағы арман-мұраттарын іске асыруға жан-тәнімен қызмет етіп, аяусыз режимнің құрбанына айналған тұлға.
№88 мектеп-лицейге Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің есімі берілді. Ол – 50-ден астам поэзиялық жинақтың авторы. Көп жыл бойы балалар әдебиетінің дамуына үлес қосқан. Әлемдік классиктердің шығармаларын қазақ тіліне аударса, өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылды.
№1 өнер мектебіне қазақтың әйгілі күйші-композиторы, домбырашы, шертпе күй мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі Тәттімбет Қазанғапұлының есімі берілді. Тәттімбеттің бізге 40-тан астам күйі жеткен. Туындылары қазақ күй өнерінің алтын қазынасы саналады.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото total.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через