Бекарыстан Аманжолов "бауыр церрозы" дертіне шалдыққан досының 4 айлық қызына донор болып, бауырының бір бөлігін бөліп берді. "AMANAT" партиясы Саяси жұмыс департаментінің консультанты баланың өмірін сақтап қалу үшін өз еркімен донор болуға ниет білдірген.
Бекарыстан Аманжолов донор болуға шешіміне не түрткі болғанын айта кетті. Ол шешімді қатты бір қорыққаннан, иә басқа да дүниенің әсерінен қабылдамағанын жеткізді.
“Бала ауырып, жағдайы белгілі болған кезде жақтастар болып арнайы чат аштық. Сөйтіп, бүкіл жолдастары болып қаржылай көмек беріп, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, қолдауға кірістік. Алғашында мен ғана емес, бірнеше жолдас балалар бәріміз донор болуға ниет білдірдік. Бірақ ағзаның сәйкестігіне, денсаулыққа байланысты мен донор болатын болдым. Жалпы, кішкентай адамның, сәбидің өмірін құтқаруға мүмкіндігім бола тұра оған өз үлесімді қоспау – бұл нағыз тәкаппарық сияқты көрінді. Сондықтан ойланбастан келістім”, – дейді ол.
Бастапқыда Бекарыс операция қалай болатынын оның артынан қандай салдары бар екенін білмеген. Бірақ соңына дейін қайтпай, әрекет ете білген.
“Өйткені досыммен бала кезден, оқушы шақтан жақын болған соң, олардың қайғысын мен де сезіндім. Бір жағынан өзім де әке болғаннан кейін және сүп-сүйкімді баланы аман алып қалуға тамшыдай болсын көмегім тисе, неге өз үлесімді қоспасқа деген ой келді”, – дейді ол.
Дегенмен ота жасалмастан бұрын алаңдаушылық та, қорқыныш сезімі де болғанын жасырмады.
“Шын мәніне келсек, отаға кіргенге дейін көңілімде қорқыныш тұрды. Оны жоққа шығарып, өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ сенің қорқынышың мен бір адамның өмірі бәсте тұрғанда қорқыныш сезімі түкке тұрғысыз болып қалады екен. Меніңше, адамдар кезінде соғысқа барарда қорықпады деген өтірік сияқты. Тек амал жоқ болып, шарасыздықтан барған болуы мүмкін. Ал мендегі сезім шарасыздық емес, ойлана келе пайда болған қорқыныш дегенге келеді. Десе де, мамандар шынында да өз ісінің шебері екен. Бүгін отадан кейінгі үшінші күн. Кішкене жақсарып, өз-өзіме келіп, ес жинап қалдым. Medicalpark Antalya тек Анталья, Түркия емес, бүкіл Орталық Азиядағы мықты клиникалардың бірі екенін дәлелдеп жатыр. Себебі қазірдің өзінде өзіміз білетін түркітілдес елдерден, Еуропадан көптеген адам келіп, ем алып жатыр. Олармен сөйлескенде де барлығынан тек қана жақсы пікір естідім”, – дейді батыр.
Сондай-ақ Бекарыс өзінің және трансплантация жасалған кішкентай қыздың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
“Алғашқы операциямыз сәтті өтті. Маған да жақсы өтті деді. Операциядан кейінгі процесс те жақсы жүріп жатыр деді. Тек балада бір қиындықтар болып, қайтадан операция жасалды. Енді сол отаның нәтижесін күтіп отырмыз. Операция балаға сәл ауырлау болды, себебі жаңа бауырды қабылдау ол оңай емес. Бүкіл қауіп-қатерді ескере отырып, осындай шешім қабылдадық. Себебі барлық мүмкіндікті көру қажет. Ал қазір бала дәрігерлердің бақылауында, жағдайдың жақсаруын әлі де күтіп отырмыз”, – деп аяқтады сөзін донор болған Бекарыс.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через