фото: akorda.kz
Еліміздегі университеттерді тәмамдаған әрбір бесінші адам мамандығы бойынша жұмысқа тұрмаған. Бұл туралы елордадағы жоғары білім және ғылым форумында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша біздің оқу орындарының 30 мыңнан астам түлегіне еңбек нарығында сұраныс болмады. Бұл - біздің отандық университетті бітірген әрбір бесінші түлек. Қазіргі кезде түрлі платформаларда жұмыспен қамту тетігі кеңейіп келеді. Онда негізінен азық-түлік жеткізу, такси қызметі сияқты платформалар бар. Зерттеу көрсеткендей, кейінгі төрт жылда онда жұмыс істейтін жоғары білімі бар жұмысшылардың үлесі 10 пайызға, яғни 23-тен 33 пайызға өсті. Экономиканың қай саласына жоғары білімді мамандарды дайындап жатқанымызды түсініп отырсыздар деп үміттенемін», - деді Т. Дүйсенова университет ректорларына қарата айтқан сөзінде.
Оның айтуынша, қазір экономиканың бірқатар маңызды бағыттарында білімді кадрлар тапшылығы бар.
«Егер жалдамалы жұмысшылардың жас құрылымына қарасақ, онда 40 жастан асқандар басым екені байқалады. Қазірдің өзінде нақты секторға жас мамандар керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, университет оқытушыларына жалақы төлеудің жаңа жүйесі іске қосылмақ.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через