фото: ortcom.kz
Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғаған табанындағы жалпы аумағы 1,1 миллион гектарға 2025 жылға дейін орман мелиорациялық екпелер егуді міндеттеген. Сексеуіл шығымын барынша арттыру үшін орман мелиорациялық жұмыстар ғылыми ұсынымдар мен жұмыс жобалары (негізгі әдістері механикаландырылған себу және отырғызу) негізінде жүргізіледі. Өйткені, Арал теңізі түбінің Қазақстан тұсындағы бөлігі өзбек тарапы аумағымен салыстырғанда тұзды.
Ғылым 3 типті топырақта сексеуіл, 4 типті топырақта галофитті өсімдіктер (қарабақ, сарасазан) егуді (отырғызуды) ұсынады.
Арал теңізінің түбінде сексеуіл отырғызу үшін 753 мың гектар жердің топырағы зерттелді.
Аралдың құрғаған түбінде екпе жұмыстарын жүргізу үшін тұқымдарды егуге және өсіруге дайындау инфрақұрылымы жасалып, қажетті арнайы техника сатып алынды.
Ведомство мен Қызылорда облысы әкімдігінің күшімен соңғы үш жылда 544,5 мың га орман егілген. Биыл тағы 275 мың гектарға екпе жұмыстарын жүргізу жоспарға алынған.
Арал теңізінің тартылуы жаһандық проблема екенін ескере отырып, министрлік халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.
2021 жылдың жаз-күз мезгілдерінде Өзбекстан мен Қазақстан мамандары Арал теңізінің түбіне сексеуіл мен басқа да ағаштарды отырғызу бойынша тәжірибе алмасып, тығыз ынтымақтастық үшін меморандумға қол қойылды.
Сексеуілді тұзды және құмды топырақтарға отырғызу үшін ғылым түрлі технологияларды қолдануды ұсынады. Ол үшін 150 га аумақта тәжірибелік учаске құрылып, жабық тамыр жүйесімен отырғызу және өсу стимуляторларын (гидрогель) пайдаланып тұқым себу сияқты әдістер қолданылып келеді.
Отырғызу материалының тез бейімделуі және шығымының жоғары болуы үшін жуырда Арал теңізінің түбінде ауданы 33 га орман питомнигінің құрылысын аяқтау жоспарланып жатыр. Аталған питомник елордалық «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК үшін тәжірибелік алаң ретінде жұмыс істеп, онда орман тұқымдарының генетикалық банкі, оның ішінде Арал теңізінің түбіндегі қолдан жасалған ормандардың негізгі түрі болатын сексеуіл тұқымдары сақталады.
Egemen.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через