Ақылды автошам

Ақылды автошам

Бүгінгі таңда Ford компаниясының инженерлері автомобиль фарасының жаңа технологиясын жасап шығару үшін тер төгіп жатыр. Бұл жаңалық жүргізушіге түнгі уақытта жолды жақсырақ көруге септігін тигізбек. Жаңа жүйе қараңғыда жүргізушіге бағытқа немесе жылдамдыққа қатысты қажетті ақпаратты беріп тұрады. Соның арқасында жүргізушінің назары еріксіз жолда болады.    

Түнгі уақытта көлік жүргізгенде қауіп жоғары. Ford компаниясының жақында Ұлыбританияда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сүйенсек, түнде автомобиль саны күндізгіге қарағанда азаятынына қарамастан жол-көлік оқиғаларының 40 проценті қараңғы түскеннен кейін болады екен.

Сондықтан жүргізуші темір тұлпардың тізгінін қолға алғанда үнемі мұқият болуы тиіс.

Мысалы: автомобиль сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатқанда секундына 25 метр жылжиды. Сонда көлік ішіндегі навигациялық қондырғыға бір қарағанның өзінде 10 мың метр, тіпті одан көп қашықтықты «көзсіз» жүріп өтеді. Шамдар орнатылмаған жолда жол белгілерін немесе кедергілерді байқамай қалуы мүмкін.

Автобилт шамдарының көмегімен қолданылатын проекцияның тағы бір артықшылығы бар. Мәселен, көшедегі жолаушылар өткелін білдіретін баяудың түсі оңып немесе өше бастаса да ол  көлік жүргізушіге анық көрініп тұрады.

Онлайн-желінің арқасында жүргізушіге ауа райының құбылмалылығы, мысалы қар жауу немесе тұман түсу, көктайғақ секілді ақпараттарды алдын ала жолдап, ескертіп отырады. Фарды навигациялық жүйеге қоссаңыз алдағы бұрылысты да алдын ала біліп отырасыз.

Осылайша заманауи технологияның арқасында автофар жолды жарықтандырып қана қоймай, басқа да маңызды қызметтерді атқармақ. Көлік жүргіізушісі проекцияның көмегімен жолдан көз-алмай-ақ маңызды ақпараттардың бәрінен хабардар болып отырады.  

Фото: tiresandparts.net