Ақтөбеде бір сыныптың барлық түлегі білім грантына ие болды

Ақтөбеде бір сыныптың барлық түлегі білім грантына ие болды
фото: Қ.Сәтбаев орта мектеп-лицейінің әкімшілігі

Түлектердің біреуі 123 балл жинаған. Мектептегі ең үлкен көрсеткіш осы.

 

Ақтөбе қаласы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінің бір сыныбында оқыған түлектердің барлығы мемлекеттік грант иегері атанды. Енді 17 түлек еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарында білім алады.

Ақтөбе қаласы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейін биыл барлығы 51 түлек тәмамдады. Олардың бәрі ҰБТ тапсырып, 34-і мемлекеттік білім грантын иеленді. Әсіресе бір сыныпта оқыған 17 түлек жоғары оқу орнын тегін оқуға мүмкіндік алды.

Жыл өткен сайын мектеп түлектерінің көрсеткіші артып келеді. Мұнда оқушылардың немесе мұғалімдердің ғана емес, ата-ананың да үлесі бар. Қыркүйекте сабаққа келгеннен бастап дайындап, қосымша білім беруге басымдық бердік. Түлектердің дені жаратылыстану бағытын таңдады. Лицей де осы салаға басымдық береді. Өзім жоғары оқу орнын бітірген соң, сынып алып, жетекшілік еттім. Алғашқы түлектерім осы, - деді Қ.Сәтбаев мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі Жансейіт Исағалиев.

Түлектердің біреуі 123 балл жинаған. Мектептегі ең үлкен көрсеткіш осы.

Мен ҰБТ кезінде 114 балл жинадым. Оқуды Алматы қаласында жалғастырамын. Ақпараттық-технология факультетін таңдаған едім. Біз жеке-жеке емес, түгел сынып болып дайындалдық. Бәсекелестік жоғары болды. Нәтижесінде бәріміз жоғары балл жинап, бірге грант иелендік. Бәсекелестік бар жерде даму болады деп ойлаймын. ІТ –жоғары сұранысқа ие мамандық. Алдағы уақытта Қазақстанда жұмыс істеп, шетелдік компанияларда онлайн еңбек еткім келеді, - деді мемлекеттік грант иегері Сүлеймен Елдосұлы.

Айта кетейік, облыс бойынша биыл 8 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Оның 3200-ден астамы білім грантын иеленді.

ҚазАқпарат